Қазақстанда рақымшылық аясында қанша сотталушының бостандыққа шыққаны белгілі болды

Қазақстанда рақымшылық туралы заң аясында 1,3 мыңнан астам сотталған азамат бостандыққа шыққан немесе жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі соттардың осы заң аясында мыңнан астам істі қарағанын хабарлады.
"Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылып, оларға қатысты босап шыққаннан кейін әкімшілік қадағалау белгіленді. Бұдан бөлек, пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылды. Сондай-ақ 730-дан астам сотталушының жаза мерзімі қысқартылды", – деді қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазірге дейін соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданған. Олардың 4,4 мыңға жуығын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6,9 мыңнан астамын пробация қызметтері дайындаған.
ОқыңызНияз Рыспаев рақымшылықтың автоматты түрде қолданылмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір сотталғанға қатысты құқықтық бағалау жүргізіліп, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Сондай-ақ бостандыққа шыққан азаматтарға жұмысқа орналасуға, құжаттарын қалпына келтіруге, әлеуметтік және құқықтық көмек алуға жәрдем көрсетілетіні хабарланды. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар сүйемелдеу мен бақылауда болады.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланатынын мәлімдеген еді.
Алматыдағы танымал демалыс орнында адамдар нәжіс аралас бассейнге түскен: Мұның денсаулыққа қандай қаупі бар?