Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суда үлкен нәжіс жүзіп жүрді": Танымал бассейндегі жағымсыз көрініс алматылықтың ашуына тиді

Бассейннен нәжіс табылды
Фото: Видеодан скриншот

Алматы облысындағы танымал демалыс кешендерінің біріне барған келуші бассейннен адам нәжісіне ұқсас затты байқағанын айтты. Оның сөзінше, қызметкерлер ластанған затты судан алып шыққанымен, демалушылар бассейнде шомылуын жалғастыра берген. Оқиғаға байланысты демалыс кешенінің әкімшілігі ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы Threads желісінің қолданушысы жариялады. Оның айтуынша, 2 тамызда демалыс орнына бір түнге қону үшін 75 мың теңге төлеген. Келесі күні екі адамға бассейнге кіру билеті тағы 30 мың теңге болған. Алайда бассейнде шомылып жүрген кезде суда нәжіс жүзіп жүргенін байқаған.

“Бассейнде адамның үлкен нәжісі жүзіп жүрді. Оны өзім көрдім. Кейін қызметкерлер оны судан алып шықты, бірақ адамдар бассейнде шомылуды жалғастыра берді. Жағымсыз иіс қатты сезілді. Бұл жағдай демалыстан алған әсерімізді толық бұзды. Кейін өзімді жайсыз сезініп, жүрегім айныды”, – деп жазды ол.

Желі қолданушысы мұндай жағдайда бассейн жұмысын уақытша тоқтатып, санитарлық өңдеу жүргізілуі керек деп есептейтінін жеткізді.

Бассейннен нәжіс табылды
Фото: Скриншот

“Бір реттік жағдай”

Stan.kz демалыс орнының әкімшілігіне хабарласып, түсініктеме сұрады.

Әкімшілік оқиғаның болғанын растады.

“Видеода шынымен бір реттік жағдай түсірілген. Оқиға анықталғаннан кейін барлық қажетті санитарлық шара жүргізілді: су ауыстырылды, бассейн өңделді, сүзгілеу және залалсыздандыру жүйесі қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Кешендегі барлық бассейн заманауи, үздіксіз су тазарту және айналым жүйесімен жабдықталған. Бұл су сапасын санитарлық талаптарға сай ұстауға мүмкіндік береді”, – делінген ресми жауапта.

Кешен өкілдері мұндай видеолар келушілердің алаңдаушылығын тудыруы мүмкін екенін түсінетінін атап өтті.

“Қонақтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлылығы біз үшін басты орында”, – деп мәлімдеді демалыс орнының әкімшілігі.

Санитариялық қызмет не дейді?

Талғар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы өкілдерінің айтуынша, “8 көл” кешенінің әкімшілігі су сапасына қатысты міндетті есептерді ұсынбаған. Осыған байланысты демалыс орнына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыным берілген.

“8 көл” кешенінің әкімшілігі Денсаулық туралы кодекстің 51-бабында көзделген есептерді ұсынбаған. Осыған байланысты профилактикалық бақылау аясында заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыным жолданды”, – деп мәлімдеді басқарма.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы нысанға барып, жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін азаматтардан ресми өтініш түсуі қажет екенін де түсіндірді. Ол үшін eOtinish мемлекеттік өтініштер сервисі арқылы шағым жолдап, оған фото немесе видео дәлелдерді қоса тіркеу керек.

“Кәсіпкерлік кодекстің 144-1-бабына сәйкес, нысанға барып жүргізілетін жоспардан тыс тексеруді тағайындауға және оны құқықтық статистика мен арнайы есеп органдарында тіркеуге азаматтардың eOtinish сервисі арқылы жолдаған ресми өтініші негіз болады. Өтінішке фото немесе видео материалдар тіркелуге тиіс”, – деді басқарма өкілдері.

Инфекционисттің пікірі

Stan.kz 10 жылдық тәжірибесі бар инфекционист Жадрасын Ходжаназаровадан мұндай жағдайда адам денсаулығына қандай қауіп төнетінін сұрады.

Дәрігердің айтуынша, бассейнге адам немесе жануар нәжісі түскен жағдайда түрлі вирустар, бактериялар мен паразиттер таралуы мүмкін.

“Вирустардың ішінде ротавирус, норовирус, аденовирус және ең жиі кездесетін энтеровирустық инфекциялар бар. Сондай-ақ А гепатитін жұқтыру қаупі болады. Бактериялардың қатарында ішек таяқшасы (Escherichia coli), шигелла, сальмонелла кездеседі. Сирек жағдайда басқа да қауіпті бактериялық инфекциялар таралуы мүмкін. Ал паразиттердің ішінде бассейн арқылы ең жиі жұғатыны – лямблия”, – дейді маман.

Инфекционист бассейн суындағы хлор барлық микроорганизмді бірден жояды деген пікірдің қате екенін айтты.

“Хлор барлық бактерияны немесе вирусты бірден өлтірмейді. Егер хлордың мөлшері талапқа сай болмаса немесе су тазартылғаннан кейін адамдар бірден бассейнге түссе, инфекция жұғу қаупі сақталады. Әсіресе паразиттер хлорға төзімді келеді. Әлемде бассейн арқылы таралатын аурулардың ең жиі себептерінің бірі – криптоспоридий паразиті”, – дейді дәрігер.

Оның сөзінше, суы дұрыс сүзгіден өткізіліп, хлор деңгейі санитариялық талапқа сай бақыланатын бассейндерде ауру жұқтыру қаупі төмен болады. Дегенмен бұл қауіп толық жойылады дегенді білдірмейді.

“Хлор барлық микроорганизмді бірден жоя алмайды. Сондықтан бассейнде суды жұтып қоймауға тырысып, жеке бас гигиенасын сақтау – ең тиімді сақтық шарасы”, – деді ол.

Ашық және жабық бассейннің айырмашылығы

Маманның айтуынша, инфекция жұқтыру қаупі көбіне жабық бассейндерде жоғары болады.

“Жабық бассейнде су бір орында тұрғандықтан, егер оның сапасы нашар болса, инфекцияның таралу қаупі де артады. Ал ашық бассейндерде бұған қоса құстардың, кеміргіштердің, ит пен мысықтың нәжісі немесе жаңбыр суы арқылы ластану қаупі бар. Мұндай жағдайда сальмонелла, лямблия, кейбір жағдайда лептоспироз сияқты инфекциялар кездесуі мүмкін”, – дейді дәрігер.

“Бір жұтым су да жеткілікті”

Инфекционистің сөзінше, инфекция жұқтыру үшін міндетті түрде көп мөлшерде су жұтудың қажеті жоқ.

“Егер суда инфекция болса, бір жұтым судың өзі жеткілікті болуы мүмкін. Балалар бассейнде шамамен 30–50 миллилитрге дейін, ал ересектер 10–20 миллилитрге дейін су жұтып қояды. Осындай көлемнің өзі норовирус, сальмонелла немесе А гепатиті сияқты инфекциялардың жұғуына себеп болуы ықтимал”, – деді маман.

Бассейннен кейін не істеу керек?

Дәрігердің айтуынша, бассейннен шыққан соң міндетті түрде душ қабылдап, қолды сабындап жуу қажет. Балаларды мұқият жуындыру, суды жұтып қоймауға тырысу және жөргектегі балаларға арнайы суға арналған жөргек қолдану маңызды.

“Егер бассейнге барғаннан кейін 2–3 күн ішінде диарея, құсу немесе дене қызуы көтерілсе, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет”, – деп түйіндеді инфекционист.

Сонымен қатар ол іш өтуі бар адамдардың толық жазылғанша бассейнге бармауға кеңес берді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 17:41