Бурабайға шомылуға барған отбасы тері ауруын жұқтырған: Дәрігер қазақстандықтарға ескерту жасады

Бурабай көлдеріне демалуға барып, суға түскен қазақстандық отбасы тері ауруын жұқтыру қаупі бар екенін айтып, дабыл қақты. Отбасының бірнеше мүшесі буллезді дерматиттен емделіп жатыр. Stan.kz редакциясы дерматолог мамандардан тері ауруының неден жұққанын және оған не себеп болуы мүмкін екенін айтып берді. Дерматолог дәрігер тері ауруының өте жұқпалы екенін және тез тарайтынын ескертті.
Ангелина есімді жел қолданушысы Бурабай көлдерінде демалуды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға сақ болуды ескертті. Айтуынша, сол демалыстан кейін отбасы мүшелері тері ауруын жұқтырған.
“Ұлым қатты зардап шекті. Қазір дәрігердің тағайындауымен буллезді дерматиттен емделіп жатыр. Қолымызда дерматологтың қорытындысы, медициналық анықтамалары және тағайындалған ем хаттамасы бар. Сондай-ақ ұқсас белгілер анамда, әкемде және әжемде де байқалды. Анам Үлкен Шабақты көліне ғана шомылды, Бурабай көліне мүлде түспеген еді. Бұл жақта мәселе белгілі бір орында немесе бір адамда емес. Бала киіммен жүрді, суға жалаңаш түскен жоқ. “Судан болды” деп нақты айта алмаймын, бірақ бірнеше адам бірден жұқтырғанда ойланып қалдым”, – деп жазды желі қолданушысы.
Осы тұста дерматолог Сегей Исаков суретте көрсетілген аурудың жұқпалы екенін және адамдар арасында тез тарайтынын айтты. Алайда, мұның айтарлықтай қауіпті емес екенін де атап өтті.
“Буллезді импетиго – терінің бактериялық инфекциясы. Бұл ауру кезінде теріде іші лай сұйықтыққа толы көпіршіктер пайда болады. Ауруды көбіне ерекше токсиндер бөліп шығаратын алтын түстес стафилококк қоздырады. Бұл токсиндер терінің жоғарғы қабаттарын бір-бірінен ажыратып, соның салдарынан күлдіреп кетеді. Кей жағдайларда ауруды стрептококк та тудыруы мүмкін, ал кейде екі бактерия қатар әсер етеді. Ыстық, ылғал ауа райы мен тер – бактериялардың көбеюіне өте қолайлы орта. Жаз мезгілінде адамдар сыртта көбірек уақыт өткізетіндіктен, жәндіктер шағып, тері сыдырылып немесе қажалып кетеді. Ал суда ұзақ болған кезде тері жұмсарып, өзінің табиғи қорғаныш қасиетін жоғалтады”, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, ашық су қоймаларында бактериялар, саңырауқұлақтар, адамдар мен жануарлардың органикасы болады. Ыстықта олар көбейеді. Дерматолог алдына келген әр үшінші не төртінші науқас шомылғаннан кейін терінің бактериялық инфекцисына шағымданатынын айтты. Ал денедегі ұсақ-түйек жарақаттар бактериялардың ағзаға енуіне жағдай жасайды.
Алайда ол буллезді импетигоның өте жұқпалы екенін және тез тарайтыныны жасырмады.
“Күлдіреуіктің іші толған бактерия. Бала ойда-жоқта қасып, басқа адамдарды ұстаса ауру одан әрі жұға береді. Ол ортақ орамал, жайма, ойын арқылы беріледі. Адам басқаларға жұқтырып қана қоймай, өзінің денесінің басқа бөліктеріне де шығып кетуі мүмкін”, – дейіді Сегей Исаков.
Дәрігердің сөзінше, буллезді импетиго шомылғаннан кейін 1-3 күн ішінде пайда болады.
“Алғашында теріде қызғылт немесе қызарған дақ пайда болады. Оның орнында көп ұзамай көпіршік түзіледі. Әуелде көпіршік керіліп, ішінде мөлдір сұйықтық болады, кейін ол босаңсып, ішіндегі сұйықтық лайланады. Күлдіреуік жарылғаннан кейін орнында эрозия қалып, оның беті сарғыш түсті қабықпен жабылады. Инфекция терінің кез келген бөлігін зақымдауы мүмкін. Теріде көпіршіктер пайда болған сәтте-ақ дәрігерге қаралу қажет. Үш күн күтіп, жасыл дәріні жағып көріп, инфекцияның таралғанын күткен дұрыс емес. Әсіресе, зақымданған аймақ тез ұлғайып, дене қызуы көтерілсе немесе ошақтың айналасындағы ісіну күшейсе, шұғыл түрде дәрігерге қаралған жөн. Қабыну тереңдей түсуі мүмкін”, – дейді дерматолог.
Ол балалардың тырнағын қысқа етіп алып, жараны қасуға болмайды деп тыйым салу керегін айтты. Жуынатын, жылататын процедураларды бас тарту керек деп кеңес берді. Айтуынша, егер баланы жер кезінде дерматологқа көрсетіп, жедел ем тағайындалса яғни, жағдайға қарай жергілікті немесе жүйелі антибиотиктер қолданылса, инфекция тез басылып, ешқандай ізі қалмай жазылады.
Дәрігер ата-аналарға егер баланың денесінде үлкен-кіші жаралар болса суға түсірмеуге кеңес берді. Ал егер түскен жағдайда міндетті түрде тұщы сумен шайындырған дұрыс дейді дерматолог. Жараларды антисептикпен сүртіп, отбасында орамалдың жеке-жеке болуына мән беру керек деп ескертті.
“Шомылудан кейін буллезді импетигодан бөлек басқа да аурулар тобы бар. Мысалы, церкариялық дерматит, яғни қышыма. Бұл – көбіне қамыс өскен тұйық көлдерде тіршілік ететін паразит дернәсілдеріне ағзаның реакциясы. Адам қатты қышынып, денесінде ұсақ бөртпелер шығады. Көп жағдайда өздігінен басылады, бірақ айтарлықтай қолайсыздық туғызады. Сондай-ақ фолликулит бар. Бұл – ағысы нашар су айдындарында немесе джакузиде шомылғаннан кейін денеде іріңді бөртпелердің пайда болуы. Ал саңырауқұлақ инфекциясын ағаш төсеніштерден, шезлонгтардан және киім ауыстыратын бөлмелерден жұқтырып алуға болады. Балаларда контагиозды молюска да жиі су айдындарының маңында, әсіресе жағалауда жұғады. Себебі ылғалды әрі жылы құм вирустың таралуына қолайлы орта болып саналады. Бұдан бөлек, теріде коксаки вирусы да кездеседі. Сондай-ақ су, күн сәулесі және кейбір өсімдіктердің шырыны қатар әсер еткенде пайда болатын фотодерматоздар да бар”, – деп дәрігер жаз кезінде жағалаудан жұқтыратын аурулардың көп екенін айтты.
Сергей Исаков бастысы, тек шомылуға рұқсат етілген әрі су сапасы кем дегенде мерзімді түрде тексерілетін су айдындарында ғана шомылуға кеңес береді.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің дерматовенерология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Асқар Хабижановтың айтуынша, буллезді дерматит адамға өзі жұқпайды, алайда ашық су айдындары немесе талапқа сай тазартылмаған бассейндерде бактериялар мен паразиттер болуы мүмкін. Олар церкариялық дерматит, қышыма сияқты тері ауруларын тудырып, буллезді дерматитке ұқсас белгілердің пайда болуына себеп болуы ықтимал дейді дәрігер.
“Лас су айдындары арқылы паразиттік ауруларды, ал сирек жағдайда саңырауқұлақ инфекцияларын жұқтыру қаупі бар. Сондай-ақ бұл балдырларға, теңіздегі немесе судағы тірі ағзаларға байланысты аллергиялық немесе жанаспалы реакциясы пайда болуы мүмкін. Терінің қызаруы, қышу немесе ашыуы, дақтар мен түйіншектердің шығуына назар аудару қажет. "Булла" – латын тілінен аударғанда "күлдіреуік" дегенді білдіреді. Ал "дерматит" – терінің қабынуы. Оның жанаспалы, аллергиялық жанаспалы және атопиялық түрлері болады. Күлдіреуік терідегі бөртпенің бір элементі ретінде дерматиттің кейбір түрлерінде кездесуі мүмкін”, – дейді дәрігер.
Қазақстандық әйел қызының балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскенін айтты