"Қазақмыс" Қазақстандағы ең терең шахта оқпанының құрылысын бастады

"Қазақмыс корпорациясының" қолдауымен ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі жүзеге аспақ. Осылайша Қарағанды облысындағы "Нұрқазған" кен орнының Шығыс учаскесінде "Ауа жеткізуші-клет-2" шахта оқпанының құрылысы басталды. Компанияның мәліметінше, жобаға 32,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Жобалық тереңдігі 1 283,9 метр болатын жаңа оқпан Қазақстандағы ең терең шахта оқпанына айналмақ. Компания бұл жоба "Нұрқазған" кенішінің Шығыс учаскесін игерудің маңызды кезеңі екенін және кәсіпорынның ұзақ мерзімді дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсімге "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасының орынбасары – тау-кен өндірісі және байыту жөніндегі бас операциялық директор Мұқан Үңгітбаев, компанияның құрылымдық бөлімшелері, "Нұрқазған" кеніші мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, жоба өндірісті дамытуға ғана емес, жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыруға және компания әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
"Бүгін біз алдағы ондаған жылдар бойы "Нұрқазған" кенішінің дамуына берік негіз қалайтын жобаны бастағалы тұрмыз. Бұл – өндірісті өркендетуге ғана емес, сонымен қатар адамдардың қауіпсіздігіне, заманауи технологияларды енгізуге және компанияның болашағына бағытталған инвестиция. Жобаны іске асыру кәсіпорынның сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, кен орнының жаңа қорларын игеруге мүмкіндік береді", – деді ол.
Жаңа шахта оқпаны жерасты қазбаларын таза ауамен қамтамасыз етіп, жұмыскерлер мен жабдықты қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік береді. Соның арқасында орнының Шығыс учаскесінде жаңа кен қорын ашуға болады. Жоба аясында 65 мың текше метрден астам тау жынысын қазып шығару және қолданыстағы деңгейжиектермен тоғыз түйісу құрылысын салу жоспарланған.
Компанияның жоспарына сәйкес, оқпанды үңгілеу 2031 жылы аяқталады. Кейін технологиялық жабдықтарды орнату кезеңі басталып, клетті көтергіш, бас желдеткіш қондырғысы және жерасты қазбаларына берілетін ауаны жылытуға арналған модульдік жылу энергетикалық қазандық салынады.
Шығыс учаскесін дамыту аясында компания 2027 жылы "Желдеткіш-2" екінші шахта оқпанының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл нысан пайдаланылған ауаны сыртқа шығаруға, резервтік шығу жолын қамтамасыз етуге және қосымша кен қорларын игеруге көмектеседі. Компанияның мәліметінше, екі оқпан бірге Шығыс учаскесін қауіпсіз әрі тиімді игеруге арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастырады.
"Нұрқазған" кен орны – "Қазақмыс" тобының негізгі өндірістік активтерінің бірі. Компания дерегіне сәйкес, кен орнындағы мыс, алтын және күмістің расталған қоры тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам тұрақты жұмыс істеуіне жеткілікті. Ал жаңа жобаны іске асырған соң, кәсіпорынды одан әрі дамытып, компанияның минералдық-шикізат қорын нығайтуға болады.
"Суда үлкен нәжіс жүзіп жүрді": Танымал бассейндегі жағымсыз көрініс алматылықтың ашуына тиді