Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Наурызбай ауданының тұрғындары су жаңа тұрғын үймен және сапалы ауыз сумен қамтылмақ

Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева Қалқаман-2 шағын ауданындағы салынып біткен 594 пәтерлі тұрғын үйді аралады. Нысан биыл тамыз айында табысталады. Сондай-ақ аудан тұрғындарының сапалы ауыз су тұтынуына мүмкіндік беретін Ақсай өзеніндегі су жинау мен су дайындау станциясының құрылысы таныстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Қалқаман-2 шағын ауданындағы 594 пәтері бар тұрғын үй 2024 жылдың сәуір айында басталған. Жобаның бас мердігері – "ҚазҚұрылысПодряд" ЖШС. Нысанды биылғы тамыз айында табыстамақ.  

Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу (1)
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Назира Тоғызбаева 34 мың шаршы метрден асатын жеті тұрғын үй бой көтергенін айтты.

“Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, сапалы әрі қолжетімді инфрақұрылым мен қолжетімді тұрғын үй салу басым бағыт болып отыр. Наурызбай ауданында соңғы бес жылда әлеуметтік осал топтарға ғана 5600-ден астам пәтер берілді. Соңғы үш жылда бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсырдық. Соның ішінде 710 мың шаршы метрден астамы – эконом-класс санатындағы тұрғын үй", – дейді аудан басшысы.
Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жаңа тұрғын үй кешенінде 184 бір бөлмелі, 248 екі бөлмелі және 162 үш бөлмелі пәтер бар. Ішкі құрылыс пен әрлеу жұмысы толық біткен. Енді аумақты абаттандыра бастады. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындарға қолайлы болуы үшін ауланы көгалдандырып жатыр.  

"ҚазҚұрылысПодряд" ЖШС өкілі Диас Қабдығалиевтың сөзінше, жоба тоғыз қабатты жеті тұрғын үйді қамтиды. 

“Мұнда барлық қажетті жағдай жасалған. Әр үйде жолаушы мен жүк лифтісі орнатылған. Пәтерлерді әрлеп барып тапсырады. Бұл тұрғындарға артық күш жұмсамай, бірден қоныстануға мүмкіндік береді”, – дейді ол. 
Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сондай-ақ тұрғын үйдің дәл маңында мектеп пен балабақша бар. Балабақшаның кураторы Ақмарал Нұршатаеваның айтуынша, шамамен қыркүйек-қазан айларында қолданысқа берілгелі отырған балабақшада 240 балаға орын бар.

“Су жаңа балабақшада тек қазақ тілінде топтар ашылмақ. Балалар 2 жастан бастап қабылданады. Балабақшаға бүлдіршіндер SmartNation автоматтандырылған жүйесі арқылы қабылданады. Яғни, ата-аналар балаларын басқа қала, аймақ, аудан, өңірден алып келіп тіркеуі мүмкін. Балабақша әкімшілігі орындарды береді, басшылық кезек бойынша тіркемейді”, – дейді Ақмарал Нұршатаева.

Екі ауданның 100 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылмақ

Сондай-ақ Ақсай өзеніндегі су жинау құрылысы мен су дайындау станциясының құрылысы таныстырылды. Назира Тоғызбаеваның сөзінше, нысан пайдалануға берілгеннен кейін аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіп, қаланың инженерлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға сеп болмақ.

Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу (2)
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазір нысан 98 пайызға дайын. Негізгі ғимараттар мен құрылыс толық бітіп, технологиялық жабдықтары орнатылып, енді іске қосып жатыр.  

"Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – ауызсу тапшылығы еді. Жаңа тұрғын үй салынып, инфрақұрылым кеңейіп, халық саны артып жатыр. Соған байланысты қолданыстағы инженерлік желі осы жүктемеге төтеп бере алмай отыр. Ақсай сүзгілеу станциясының салынғаны жақсы болды. Ол енді Наурызбай ауданы мен Алматы облысының Қарасай ауданының 100 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауызсумен қамтамасыз етпек", – деді аудан әкімі.

Су дайындау станциясындағы радиалды және көлденең тұндырғыштардың, әрқайсысының сыйымдылығы 5 мың текше метр болатын таза су резервуарларының, сондай-ақ су дайындау блогының құрылысы толық аяқталған. Әкімшілік-зертханалық корпустың ішкі әрлеу жұмысы да аяқталып қалыпты.

Жобаның барлық желілік нысандары да толық дайын. 5,9 шақырымдық магистральдық су құбыры салынып, бес көлік көпірі мен алаңнан тыс газбен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды.

Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу (3)
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ал суды тазартуға арналған осы заманғы жабдықтарға көп көңіл бөлінген. "ВодЭкоФильтр" компаниясы шығарған су тазарту кешені нысанға жеткізіліп, оны монтаждау жұмысы басталды.

Мамандардың "Алматы Су" ШЖҚ МКК-мен бірлесіп жүйені сынақтан өткізіп, жобалық су қабылдау құрылғылары арқылы Ақсай өзенінен су алынып, оны магистральдық су құбыры арқылы жеткізген. Технологиялық резервуар мен су дайындау құрылысы суға толтырылғаннан кейін оны бақылау мақсатында залалсыздандырып шыққан. Зертханалық талдау нәтижелері судың сапасы барлық санитарлық және техникалық талаптарға толық сәйкес келетінін растады.

Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу (4)
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жоба өкілдерінің айтуынша, нысанды 2026 жылдың тамыз айының соңында толық іске қоспақ.

"Қазір нысанның құрылысы толық аяқталды, қазірдің өзінде тұрғындарға су беріле бастады. Бүгінде станцияның өнімділігі – сағатына шамамен 300 текше метр су. Барлық ғимарат пен құрылыс толық бітті, жабдықты орнаттық, қызметтік бөлмелер жабдықталды, аумақты абаттандырып болдық. Алдағы бірнеше күн ішінде іске қосу мен реттеу жұмысы мен жабдықтарды соңғы рет баптау аяқталған соң, станция жұмыс істей бастайды", – деді жоба құрылысының жетекшісі Гайраджан Турдиев.

Ақжар шағын ауданындағы 89 көшеде заманға сай көлік жолы салынып жатыр

Ақжар ауданында жол құрылысына байланысты ең үлкен жоба іске асып жатыр. BCS Construction" ЖШС мердігер ұйымы ұзындығы 45 шақырымнан асатын 89 көшеде заманға сай көлік жолын салып жатыр. Қазір шағын ауданда шамамен 20 шақырым жолға асфальт төселіпті, бұл жалпы жоба көлемінің 55%-ы деген сөз.

"Қазір 36 шақырым жол салынып бітті. Бұрын-соңды асфальт төселмеген 74 көшеде жұмыс толық аяқталды.  2026 жылдың қазан айына дейін қалған 10,3 шақырым жолды аяқтап, шағын аудан тұрғындарын толыққанды осы заманғы жол желісімен қамтамасыз етеміз", – деп атап өтті аудан әкімі Назира Тоғызбаева. 
Наурызбай ауданы тұрғын үй ауызсу (5)
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жаңа жолдың құрылысымен қатар, аудандағы көше-жол желісіне де орташа жөндеу жүргізіп жатыр.

"Орташа жөндеу аясында жалпы 10,4 шақырымдық 11 көшеде осындай жұмыс істеліп жатыр. Қазір Жандосов көшесінің Медеубеков көшесінен Дәулеткерей көшесіне дейінгі бөлігінде жолды кеңейтуде. Сонымен қатар екі көше жөнделіп, бақылау мен жаңбыр суын қабылдау құдығының қақпағы ауыстырылды, нөсер кәрізі жүйесінің элементтері жөнделіп, өздігінен теңестірілетін люктер орнатылды", – деді Назира Тоғызбаева.

2026 жылдың қазан айында Ақжар шағын ауданындағы барлық көшеде асфальтбетонның жоғарғы қабаты төселмек.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 17:01