Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасы банкінің қолдауымен 1,5 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 40 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Отбасы банкі 2025 жылдың басынан бері тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 39 536 қазақстандықтың баспаналы болуына мүмкіндік жасады. Он мыңдаған отбасы үшін бұл – жылдар бойы күткен өз үйіне қол жеткізу арманының орындалуы болды.

Қоныс тойын жақындатуға банктің "2-10-20", "5-10-20", "Наурыз" мемлекеттік бағдарламалары ғана емес, сондай-ақ басқа да қолжетімді ипотекалық бағдарламалары ықпал етті. Атап айтқанда, тұрғын үйге мұқтаждар есебінде ұзақ жылдар бойы тұрған қазақстандықтар өңірлік жастар бағдарламалары, "Әскери баспана", "Наурыз Жұмыскер", "Жасыл ипотека", "Жас отбасы" бағдарламалары, сондай-ақ несие мөлшерлемесі жылдық 3,5%-дан басталатын банктің нарықтық бағдарламалары арқылы баспаналы болды.

Жалпы, 2025 жылы тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 15 282 адам қолжетімді шарттармен берілетін тұрғын үй несиесінің көмегімен баспана сатып алды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 10 854 қазақстандық банктің несиелік бағдарламаларының көмегімен жеке пәтерлері мен тұрғын үйлерін сатып алды.

Сонымен қатар, ұлттық даму институты ретінде Отбасы банкі тұрғын үйге аса мұқтаж азаматтарға 13 400 жалдамалы пәтерді бөлді. Нәтижесінде олар жайлы әрі қауіпсіз тұрғын үйде өмір сүруге мүмкіндік алды.

Жергілікті әкімдіктерден Отбасы банкіне берілген жалдамалы және несиелік тұрғын үйлерді тиімді әрі ашық бөлуге жаңа "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" цифрлық жүйесі көмектесуде. Бұл жүйенің арқасында тұрғын үйді бөлу үдерісі автоматты түрде жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде тұрғын үйді бөлу қарқыны үш есеге артты.

Отбасы банкі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп тұрғын үй заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізуге бастамашылық етті. Нәтижесінде "Тұрғын үй қатынастары туралы" және "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңдарға өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік тұрғын үйді қолдау жүйесін анағұрлым әділ, түсінікті әрі азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған ету. Аталған өзгерістердің бірқатары қазірдің өзінде күшіне енді.

  1. Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрылуына немесе өңірлер шекарасының өзгеруіне байланысты елді мекеннің әкімшілік бағыныстылығы өзгерген жағдайда азаматтардың тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған бастапқы күні сақталады.

Мысалы, азамат бұрын Алматы облысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған. Кейін оның елді мекені Алматы қаласының құрамына қосылды. Бұл жағдайда азамат тұрғын үйге мұқтаждар есебінде Алматы қаласында тіркелетін болады. Сонымен қатар, оның Алматы облысында есепке алғаш қойылған күні сақталып, ескеріледі.

Аталған жаңашылдық 2026 жылғы 27 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

  1. Азаматтардың түрлі санаттары арасында тұрғын үйді бөлу тәртібі жетілдірілді.

Тұрғын үйді беру үдерісін жеделдету және тұрғын үй қорын тиімді пайдалану мақсатында квоталарды қайта бөлу тетіктері енгізілді.

Қазіргі таңда тұрғын үйді бөлу үлесі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

  • жалпы тұрғын үй көлемінің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі;
  • одан кейін жалпы тұрғын үй көлемінің кемінде 50%-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе асырап отырған отбасыларға, жесірлерге (жесір қалған ерлерге), көпбалалы отбасыларға бөлінеді;
  • жалпы тұрғын үй көлемінің кемінде 30%-ы азаматтардың өзге санаттары арасында бөлінеді.

Көптеген өңірлерде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде жоғарыда көрсетілген квоталарды толық игеруге жеткілікті азаматтар саны болмайды. Сондықтан, мысалы, жетім балалар есепте болмаған жағдайда, оларға арналған жалпы тұрғын үй көлемінің 20% квотасы басқа да басым санаттар – көпбалалы отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және өзге де санаттарға қайта бөлінетін болады.

Бұл норма тұрғын үйді бөлу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Ол 2026 жылғы 27 шілдеден бастап күшіне енді.

  1. Тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға жаңа тұрғын үйді жергілікті атқарушы органдар коммуналдық тұрғын үй қорынан береді.

Сонымен қатар, бұл азаматтар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне orken.otbasybank.kz порталындағы "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасы арқылы тіркелетін болады.

Аталған норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

  1. Отбасы мүшелерінің құрамы кеңейтілді.

Енді "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес отбасы мүшелері ретінде тек ерлі-зайыптылар мен олардың балалары ғана емес, сондай-ақ тараптардың өзара келісімімен қамқоршы ата-аналар, немерелері және қорғаншылары (қамқоршылары) да отбасы құрамына енгізіле алады.

Аталған норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

  1. Тұрғын үйге мұқтаж деп тұрғын үйі жоқ және жалғыз тұрғын үйдегі меншік үлесі 50% немесе одан жоғары емес азаматтар мен олардың отбасы мүшелері танылады.

Бұл азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдегі 50% немесе одан көп үлес болған жағдайда, олардың тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұруына мүмкіндік берілмейтінін білдіреді.

Жаңа талап 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Бұл ретте аталған өзгерістер тұрғын үйге мұқтаждар есебінде бұрыннан тұрған және тұрғын үйдегі 50% немесе одан көп үлесі бар азаматтарға қолданылмайды.

  1. Жетім балалардың құқықтарын қорғау күшейтілді.

Бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылықтың күші жойылған жағдайда, жетім балалар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алғаш қойылған күнін сақтап қалады және қайтадан бастапқы есепке қойылған күні бойынша есепке тұра алады.

Бұл өзгеріс 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

  1. Тұрғын үйді бөлу кезінде енді пәтердің жалпы ауданы ғана емес, отбасы құрамы да ескерілетін болады.

Бұл тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтарға олардың отбасы құрамына сәйкес неғұрлым тиімді әрі дәл бөлуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін банк тұрғын үйді әрбір отбасы мүшесіне 15–18 шаршы метрден есептеу қағидаты бойынша бөлетін. Іс жүзінде көпбалалы отбасылар үшін 90–100 шаршы метрден асатын пәтерлердің жеткіліксіздігіне байланысты, кезегі келгенімен, отбасы құрамына сәйкес келетін тұрғын үйдің болмауы сияқты жағдайлар орын алатын.

Қазіргі уақытта Отбасы банкі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларының жаңа редакциясын әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісуіне жолдады. Жаңа қағидаларға сәйкес тұрғын үй отбасы құрамына тиесілі бөлме санына қарай бөлінетін болады.

Аталған норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

  1. Ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үй өтініш беру тәртібі арқылы бөлінетін болады.

Яғни, ауылдық елді мекендерде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар өздеріне қажетті жалдамалы тұрғын үйді өз бетінше таңдап, оған өтінішті де өздері бере алады.

Аталған норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

  1. Енді банк азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз түгендеу жүргізе алады.

Қазіргі уақытта тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың 70%-ы ғана дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім берген. Бұл өз кезегінде тұрғын үйді бөлу үдерісінің жылдамдығы мен дұрыстығына елеулі әсер етеді.

Жаңа норма тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар туралы мәліметтерді өзектендіруге және тұрғын үйді өзекті деректер негізінде әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Аталған норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

* (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін)

Stan.kz
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 16:53