Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қос спортшымыз джиу-джитсудан Азия ойындарында екі медаль еншіледі

Мерей Қабдуллаев пен Мариан Журавлева
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті / Мерей Қабдуллаев пен Мариан Журавлева

Джиу-джитсу шебері Мерей Қабдуллаев Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық спортшы Мерей Қабдуллаев Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды.

19 жастағы спортшы 85 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ол жарыс барысында Моңғолия, Иордания және Қырғызстан өкілдерін жеңіп, финалға жолдама алды.

Шешуші кездесуде қазақстандық спортшы Сауд Арабиясының өкілі Абдулла Тарик Наданың қарсысына шықты. Финалдық белдесуде қарсыласы 7:0 есебімен жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді.

Осылайша, Азия ойындарына алғаш рет қатысқан Мерей Қабдуллаев жарысты күміс жүлдемен аяқтады.

Айта кетейік, осы салмақта өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық Әли Иманвердиев алғашқы кездесуінде Оңтүстік Корея спортшысына есе жіберіп, 1/8 финалда жарысты аяқтады.

Бұрымды аруымыз да қуантты. Қазақстандық джиу-джитсу шебері Мариан Журавлева Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.

63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Мариан қола жүлде үшін өткен белдесуде Иордания өкілі Майя Ишакатты жеңді.

Осылайша, бұрымды аруымыз да ел қоржынына кезекті жүлдені салды.

Еске салайық, күні кеше қазақстандық таеквондошы Тамерлан Тілеулес 2026 жылғы Азия ойындарында тарихи жеңіске жетті. 20 жастағы спортшы 58 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы чемпион атанды.

Финалда Тілеулес Филиппин өкілі Курт Брайан Барбосамен кездесті. Бірінші раундта 16:14 есебімен басым түссе, екінші кезеңде қарсыласын 15:2 есебімен жеңді. Осылайша, жекпе-жекті 2:0 есебімен аяқтап, Қазақстан қоржынына тарихи алтын салды.

Бұған дейін қазақстандық таеквондошылар Азия ойындарында 17 медаль жеңіп алғанымен, олардың арасында алтын болмаған. Ел қоржынында 3 күміс және 14 қола жүлде болған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 10:09