Тарихтағы алғашқы алтын: 20 жастағы Тамерлан Тілеулес таеквондодан чемпион атанды
Қазақстандық таеквондошы Тамерлан Тілеулес 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанды. 20 жастағы спортшы 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, Қазақстан тарихындағы осы бағдарлама бойынша алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Финалда Тамерлан Филиппин өкілі Курт Брайан Барбосамен кездесті.
Алғашқы раунд тартысты өтті. Екі спортшы да жиі шабуылдап, ұпай алмасқанымен, қазақстандық таеквондошы дәлдігімен басым түсті. Нәтижесінде Тамерлан бірінші раундты 16:14 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші раундта қазақстандық спортшы қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Тамерлан 15:2 есебімен сенімді түрде жеңіске жетіп, жекпе-жекті 2:0 есебімен аяқтады.
Осылайша, Тамерлан Тілеулес Қазақстан таеквондосы үшін тарихи нәтиже тіркеді. Бұған дейін ел құрамасы Азия ойындарында таеквондодан 17 медаль жеңіп алғанымен, олардың арасында алтын жүлде болмаған. Қазақстан қоржынында 3 күміс және 14 қола медаль бар еді.

Жапониядағы Азия ойындарында Рита Бакишева виртуалды таеквондодан қола жүлдеге ие болса, Батырхан Төлеуғали да қола медаль жеңіп алды.
Тамерлан Тілеулес туралы не белгілі?
Тамерлан Тілеулес – Алматы қаласының тумасы. Ол бұған дейін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, өткен жылдың соңында жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленген. 2023 жылдан бері ересектер арасында да сынға түсіп, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр.
Азия ойындарының алтыны әзірге оның спорттық мансабындағы ең ірі жетістік саналады.
Бұл – Қазақстан құрамасының бүгінгі үшінші алтын медалі. Бұған дейін боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай да финалда жеңіске жеткен еді.
Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 12 алтын, 20 күміс және 42 қола медаль бар.
Қазақстан әскеріндегі шулы істер: Сарбаздар өлімі бойынша кімдер сотталды