Айбек Оралбай Азия ойындарының чемпионы атанды
Қазақстан бокс құрамасының капитаны Айбек Оралбай Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық боксшы Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен кездесті.
Алғашқы раундта екі боксшы да асықпай, бір-бірінің осал тұсын аңдуға тырысты. Оралбай жекпе-жек тізгінін өз қолына алып, бірінші нөмірмен жұмыс істеді. Раунд соңына қарай қазақстандық боксшы бірнеше дәл соққы өткізіп, төрешілердің 3:2 есебімен басымдығына ие болды.
Екінші раундта Айбек Оралбай қарқынын күшейтті. Ол арақашықтықты джебпен бақылап, қарсыласы ашылған сәтте бірнеше соққыдан тұратын комбинациялар жасады. Бір эпизодта Зокиров желкеден ұрғаны үшін төреші оның бір ұпайын шегерді. Раунд қорытындысында бес төрешінің барлығы жеңісті Оралбайға берді – 5:0.
Үшінші раундта өзбекстандық боксшы шабуылды үдетуге тырысты. Алайда Оралбай қарсыласының соққыларынан сәтті қорғанып, қарымта шабуылдармен жауап берді. Жекпе-жектің соңына қарай да қазақстандық боксшы ширақ қимылдап, белсенділігін жоғалтқан жоқ.
Үш раундтың қорытындысында Айбек Оралбай төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, Айбек Оралбай жартылай финалда Үндістан өкілі Нарендерді де 5:0 есебімен жеңген еді.
Бұл – Қазақстан бокс құрамасының биылғы Азия ойындарындағы екінші алтын медалі. Бұған дейін әлем чемпионы Төрехан Сабырхан да финалда қарсыласынан басым түсіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ал Айбек Оралбай – 2022 жылғы Азия чемпионы. Сондай-ақ ол 2024 жылы Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғады.
Қазақстан әскеріндегі шулы істер: Сарбаздар өлімі бойынша кімдер сотталды
