Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолдан келгеннің бәрін жасадық": Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты пікір білдірді

Ербаян
Фото: Instagram inga_imanbay

Қорғаныс министрлігі екі жарым жылдан аса өмірі үшін күрескен Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілі Қаныш Әбубәкіров марқұмның отбасына көңіл айтып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Вице-министрдің айтуынша, тергеу барысында кінәлілер анықталып, Ұлттық ұлан басшылығына қатысты тәртіптік шаралар қабылданады.

Вице-министр істі Ішкі істер министрлігі мен әскери прокуратура, құқық қорғау органдары тергеп жатқанын айтты.

“Оқиға болған сәттен бастап Қорғаныс министрлігі отбасыға қолдау көрсетті. Ербаян әскери госпитальда ем қабылдады. Ата-анасымен үнемі байланыста болдық. Қолымыздан келген барлық көмекті көрсеттік. Ұлттық ұлан басшылығы жерлеу рәсіміне қатысады деп ойлаймын”, – деді Қаныш Әбубәкіров.

Ал Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде қауіпсіздік мәселесі қайғылы оқиғалардан кейін ғана күшейтіледі деген пікірге жауап берді. Вице-министр бұл пікірмен келіспейтінін айтты.

“Министрлік белгілі бір адамның қазасынан кейін ғана жұмыс істейді деген пікір дұрыс емес. Бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жүргізіледі. Әскери жарғылар бар және оның талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар әрдайым атқарылады”, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Қарулы күштердегі қызмет жағдайын жақсарту мен жаңғырту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Оның сөзінше, әлімжеттік, жарғыдан тыс қарым-қатынастар және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әскери бөлімдерде бақылау күшейтілген.

Атап айтқанда:

  • әскери қалашықтар мен казармаларда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін әскери полиция тұрақты бақылау жүргізеді;
  • әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйелері жаңартылып, тәуліктік кезекшілік қызметінің жұмысы жетілдірілген;
  • мерзімді әскери қызметкерлермен жұмыс істейтін әскери психологтардың құрамы күшейтілген.

Жазықбаевтың айтуынша, әскери қызметкерлер санының артуына қарамастан, 2025 жылдың қорытындысы бойынша армиядағы қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар саны азайған.

Ербаян Мұхтар ісі туралы толығырақ

Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеген. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бассүйек-ми жарақатын алып, алты айға жуық комада жатты.

Ресми мәліметке сәйкес, сарбаз әжетханада құлап, басын кафельге соғып алған. Алайда оның туыстары Ербаяндың зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтты. Олардың айтуынша, Ербаян әскерден ауруханаға шүйде сүйегі сынған және субдуралды гематома диагнозымен жеткізілген. Кейінірек жігіттің миының бір бөлігі ата-анасының келісімінсіз алынғаны белгілі болды.

Ербаян екі жарым жыл бойы оңалтудан өтті. Оның ішінде Түркияда да ем қабылдап келді. Қазақстандықтар Ербаянның еміне 230 миллион теңгеге жуық қаражат жинап берді.

Қылмыстық іс “Әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық өзара қарым-қатынас қағидаларын бұзу, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру” бабы бойынша қозғалды. Алайда екі жарым жыл өтсе де, тергеу аяқталмаған. Ал іс бойынша күдіктілер әлі анықталмаған.

Ал биыл 23 маусым күні түнде Ербаян Мұхтардың көз жұмғаны хабарланды. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 12:31