Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскерде басынан жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар ауруханада көз жұмды

Ербаян Мұхтар көз жұмды
Фото: erbayan2024 Instagram-парақшасы

Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүріп комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтар ұзақ уақыт өмір үшін күрестен кейін ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ербаянның көз жұмғанын адвокаты айтты.

"Маған жарты сағат бұрын Ербаянның ата-анасы хабарласты. Оларға ауруханадан қоңырау шалып, оның жүрегі тоқтап қалғанын айтқан. Ата-анасы ауруханаға енді ғана жетіпті. Осылайша, бұл ақпарат расталды. Не айтарымды да білмеймін... Біз Ербаянның отбасымен бірге екі жыл бойы оның өмірі үшін күрестік. Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізу өте қиын...", – деді адвокат Инга Иманбай.

Бұған дейін Ербаянның жағдайы күрт нашарлап кеткені туралы жазған едік.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Анасының айтуынша, сарбазға әскери бөлімде қысым көрсетілген. Кейін тіпті ата-анасының рұқсатынсыз дәрігерлер оған ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған. Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. Кейін Ербаян Түркиядан ем алып келген еді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 08:09