Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонаевта спортшы қыздардың жыныстық қысым көрдік деген шағымынан кейін ММА жаттықтырушысы ұсталды

Боксшы қыз
Фото: depositphotos.com

Қонаев қаласында оқушы қыздардың жыныстық сипаттағы қудалау мен жаттығу барысындағы күмәнді әдістер туралы шағымынан кейін ММА жаттықтырушысы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде Қонаев қаласында ММА жаттықтырушысынан қысым көргендерін айтқан екі жасөспірім қыздың видеоүндеуі тарады. 

Қыздардың бірі ММА үйірмесіне 2024 жылдың қаңтар айынан бастап қатыса бастағанын айтады.

"2-3 айдан кейін жаттықтырушы тарапынан тиісу, қудалау басталды", – дейді спортшы қыз.

Жасөспірімнің айтуынша, салмақ түсіру қажет болған кезде жаттықтырушы оның бетіне ішінде не бар екені белгісіз бетперде кигізіп, оның ұйықтап кеткенін күткен. Қыз осы әдістен кейін оянуы қиын болатынын, өзін нашар сезінетінін айтады.

"Үйіме жеткізіп саламын" деген сылтаумен мені көлігіне отыруға шақыратын. Мен отырғаннан кейін есіктерді жауып, мені сүйіп алғысы келетін. Жалпы бұл қудалау 2024 жылдан 2025 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасты", – дейді жәбірленуші қыз.

Екінші қыз да жаттықтырушы тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және бапкердің өзіне белгісіз бетпердемен ингаляция жасағанын мәлімдеді.

Спортшылардың айтуынша, олардың ата-аналары ұзақ уақыт бойы әділ жазаға қол жеткізе алмай жүр. Аталмыш дерек бойынша қозғалған іс бір рет жабылып қалып, кейін қайта қозғалған.

Алматы облыстық полиция департаменті Қонаев қаласы тұрғындарының арызы негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"47 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс мәні бойынша қаралу үшін сотқа жолданады. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды", – делінген полиция хабарламасында.

Полиция өзге ақпараттың тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын атап өтті.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпанында Қонаев қаласында төрт ата-ана қыздарына жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған ММА жаттықтырушысының бостандыққа шығып кеткенін айтып шағымданған еді. Ата-аналар бас прокурор мен ел билігіне бейнеүндеу жолдады. Олардың айтуынша, жаттықтырушы 10-13 жас аралығындағы қыздарға жүйелі түрде тиісіп отырған. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті тергеу барысында уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда белгісіз себептермен ол кейін бостандыққа шыққан.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 19:58