Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын талаптар қатаңдатылды ма – Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді

Денсаулық сақтау министрінің 16 наурыздағы № 34 бұйрығымен "Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзгерістерге сәйкес балалар санаторийлері мен сауықтыру ұйымдарының, сондай-ақ білім беру және тәрбиелеу объектілері асханалары мен түстену залдары аудандарының нормалары бөлінген. Бұл ретте кафелер мен мейрамханаларды қоса алғанда, қоғамдық тамақтану объектілері алаңдарының нормалары өзгеріссіз қалды.
Бұдан бөлек, 9 қаңтарда қабылданған және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа құрылыс кодексіне байланысты санитариялық қағидалардың бірқатар тармақтарына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бұрынғы "сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер" деген тіркес "сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттар" деген жаңа тұжырыммен ауыстырылды.
Енгізілген өзгерістер тек жаңа құрылыс кодексіне сәйкес редакциялық түзетулерді қамтиды және қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды күшейтуді қарастырмайды.
Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын талаптар күшейтіледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Оқыңыз