"Қияметте жауап бересіңдер": Әнші Ердос Қанаев коучтарға ескерту жасады
Әнші Ердос Қанаев кейбір коучтар мен өзін “ақылшы” ретінде көрсететін адамдарды сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желіде отбасы мәселесіне қатысты ойын ортаға салды. Оның сөзінше, кей әйелдер осындай кеңестерге сеніп, отбасын бұзғаннан кейін бала-шағасын асырауда қиындыққа тап болуы мүмкін.
“Қолымда билік болса, коучсымақтар мен “данышпансымақтардың” сөзіне сеніп, ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай, бақытсыз болып жүрген әйелдердің бала-шағасын асырауды солардың мойнына жүктер едім”, – деп жазды ол.
Ердос Қанаев ажырасқан ер азаматтардың кейінгі өміріне қатысты шығындарды да осындай кеңес берген адамдар көтеруі керек деген пікір айтты.
“Әйелінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын – бәрін солардың мойнына жүктер едім”, – деді әнші.
Сонымен қатар ол бұл сөзінің барлық коуч пен кеңесшіге бірдей қатысты емес екенін атап өтті.
“Бәріне топырақ шашпаймын. Алла және Пайғамбар сызып берген шеңберді бұзу – ауыр іс. Қияметте жауап бересіңдер”, – деп түйіндеді Ердос Қанаев.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Кенжеұлы Роза коучтың әйел, отбасы және ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы туралы контентін сынға алған еді. Бұған жауап берген Роза Әшірбаева имамның өз аты-жөні мен суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, материал өшірілмесе сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
"Үйде нан бар деп күлді": Көршісінің шелпегін алмай қойған қыздың әрекеті желіде дауға ұласты
