Қазақстандық әртістер концертте фонограммамен ән айтатынын бір ай бұрын ескертуге міндеттелді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрермендерді концертте фонограмма қолданылатыны туралы алдын ала хабардар етуге қатысты жаңа ережелерді бекітті. Енді ұйымдастырушылар билет сатылымы басталмай тұрып-ақ көрерменге концерттің жазбамен өтетінін ескертуге міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылғы 16 сәуірдегі бұйрықпен бекітілген жаңа талаптар көрерменді ақпараттандыру тәртібін нақтылайды. Бұған дейін фонограмма қолданылатыны көпшілік үшін күтпеген жайт болып келсе, енді бұл туралы алдын ала міндетті түрде хабарлануы керек.
Жаңа өзгерістердің басты жаңалығының бірі – нақты мерзімдердің белгіленуі. Құжатқа сәйкес, ұйымдастырушылар, шығармашылық ұжымдар және орындаушылар концертте “минус” не “плюс” фонограмма қолданылатынын кемінде бір ай бұрын жария етуге міндетті.
“Музыкалық шығармаларды орындау кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммалардың қолданылатыны туралы көрерменді ұйымдастырушылардың, сондай-ақ шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың міндетті түрде хабардар етуі билет сатылымы басталғанға дейін, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен мәдени-бұқаралық іс-шараларға кемінде 30 күн қалғанда жүзеге асырылады”, – делінген бұйрық мәтінінде.
Министрлік көрермен ескертуді көруге тиіс алаңдардың тізімін де кеңейтті. Енді “Фонограмма қолданылады” деген белгі барлық жарнамада көрсетілуі керек. Атап айтқанда, сыртқы жарнамада, билет сататын орындарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялануға тиіс.
“Тауар (жұмыс, қызмет) туралы ақпаратта заңнамада көзделген жағдайларда музыкалық шығармаларды орындаушылардың ойын-сауық қызметін көрсету кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммалардың, аудиовизуалды жазбаның қолданылатыны міндетті түрде көрсетілуі тиіс”, – деп көрсетілген құжатта.
Жаңа ережеде теле-радиодағы жарнамаға да ерекше мән берілген. Енді дикторлар концертте фонограмма қолданылатыны туралы ақпаратты анық әрі нақты айтуға тиіс.
Дыбыстық хабарламаның ұзақтығы кемінде 5 секунд болуы керек және ол хабарламаның басында немесе соңында берілуге тиіс.
Бұл ескертудің дыбыс деңгейі негізгі жарнамалық роликтен төмен болмауы қажет.
Егер жарнама қысқа, яғни 15 секундқа дейін болса, диктор міндетті түрде: “Дауыстық (вокалдық) фонограмма қолданылады” деген сөйлемді анық айтуы керек.
“Дауыстық (вокалдық) фонограммалардың қолданылатыны туралы берілетін ақпаратты өзге дыбыстармен бұрмалауға немесе оның естілуі мен ажыратылуын төмендететін өзге де тәсілдерді қолдануға тыйым салынады”, – делінген бұйрықта.
ОқыңызАйта кетейік, бұған дейін қазақстандық әртістерге фонограммамен өнер көрсетуге тыйым салынғаны, Президент заңға қол қойғаны хабарланған еді.
Төртінші блок түзетулері концерттерде фонограммаларды пайдалануға тыйым салады (телехабарлар мен арнайы бейімделмеген орындардан басқа). Сонымен қатар кез келген қоғамдық орында, БАҚ-та немесе онлайн платформаларда авторлық құқық объектілерін пайдаланғанда автордың атын көрсету міндетті болды.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек