Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Фонограммасыз ән айтуға біздегі аппаратура жарамайды": Қазақстандық әншілер жаңа заңға қатысты ойларын айтты

Әншілер фонограммаға қатысты ойын айттыФото: Stan.kz коллажы

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Мәдениет туралы” заңға қол қойды. Оның ішінде концерттер кезінде дауыстық фонограммаларды пайдалануға тыйым салу туралы да тармақтар бар. Осы тұста Stan.kz тілшісі қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінен жаңа заң жобасына қатысты пікірін сұрады.

Әнші Саят Медеуов өзі 15 жылдан бері жанды дауыста ән айтатынын айтып, бұл заңға ешқандай қарсылығы жоқ екенін жеткізді. Бірақ оның сөзінше, кез келген нәрсенің себебі мен салдары болады. Ал елімізде өкінішке қарай, себеппен емес, салдармен күрес жүріп жатыр.

Сондай-ақ ол жанды дауыста ұятты, мағынасыз, боғауыз сөздерге толы ән айтылғанша, фонограммамен болса да мағыналы ән орындалғаны дұрыс деп санайтынын жасырмады.

Кез келген нәрсенің себебі мен салдары бар екенін естен шығармаған жөн. Бізде өкінішке қарай, себеппен емес, салдармен күрес жүріп жатыр. Біріншіден, фонограмма – болашаққа қалатын дүние. Екіншіден, жанды дауыста ұятты, мағынасыз, боғауыз сөздерге толы ән айтылғанша, фонограммамен болса да мағыналы ән орындалғаны дұрыс. Алдымен қоғамдағы мағынасыз, құндылығы жоқ, жаман әндерді жою керек деп ойлаймын. Болашаққа жақсы әндер қалдыру – біздің міндетіміз”, – деді ол.

Өнер иесі фонограмманы әншіге көмекші құрал ретінде қарастыратынын айтып, ойын нығайту үшін өзге салалардан да мысалдар келтірді. 

“Фонограммамен ән айтатындар барлық жерде бар, оған қарсы емеспін. Бірақ қандай форматта орындаса да, ең бастысы – жақсы ән айту. Мысалы мен бухгалтерге “есепті компьютердің көмегінсіз өзің шығарып бер” демеймін ғой, оған қандай әдіс тиімді болса, өзі біледі. Маған керегі есептің дұрыс болуы. Сол сияқты тракторшыға бақшаны қолмен жыртқызбаймын, таксистке мені жаяу арқалап жеткіз демеймін. Фонограмма да дәл сондай құрал”, – деді ол.

Саят Медеуовтың айтуынша, фонограммамен өнер көрсететін әртістермен күресуден де басқа маңызды мәселелер бар, мәселен әлеуметтік желідегі ұятсыз контент. Әнші әртістердің көпшілігі жанды дауыста ән айта алатынына сенімді.

“Менің ойымша, әншінің көпшілігі әнді жанды дауыста айта алады. Оларды жаппай “фонограммамен айтады” деп кінәлау дұрыс емес. Кейде адам ауырып тұруы мүмкін, кейде жағдайы келмейді. Мұны да түсіну керек”, – деді ол.

Саят Медеуов фонограмма туралыФото: https://www.instagram.com/sayatmedeuov

Ал Қазақстандық эстрадалық әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова бұл заң жобасын қолдады. Оның сөзінше, фонограмма пайда болғаннан кейін қоғам жанды дауыста ән айтқан әр әртіс ерлік жасағандай қабылданатын күйге жеткен.

Елімізде әртістерге фонограммамен өнер көрсетуге тыйым салынғаны дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Біз кеңес дәуірінен келе жатқан әншілерміз. Өнер жолын тірі оркестрмен, ансамбльмен, гастрольдік сапарлармен бастап, халықпен бетпе-бет кездесіп, олардың алдында жанды дауыста ән айтып үйренген буынбыз. Қазір қай жерде өнер көрсетсем де, барлығын жанды дауыста орындаймын. Өйткені бұрын “жанды дауыс”, “фонограмма” деген түсініктердің өзі болған жоқ”, – деді ол.

Дегенмен әнші қазіргі жастардың бәрі фонограммамен айтады деу әділетсіз екенін атап өтті. Өйткені олардың арасында дауыс мүмкіндігі мықты, өте талантты жас әнші көп.

Бұдан бөлек Жеңіс Ысқақова фонограммамен өнер көрсетуге шектеу қойылса, еліміздегі концерттік алаңдардағы аппатураны реттеу қажет екенін алға тартты.

“Егер мемлекет фонограммамен өнер көрсетуге шектеу қоюға шешім қабылдаса, онда барлық концерттік алаңда сапалы аппаратура болуы міндет. Міндетті түрде білімді, кәсіби деңгейі жоғары дыбыс режиссеры отыруы керек. Ән мен дауысты көрерменге таза, анық, әдемі жеткізе алатын мамандар қажет. Бұрын солай болатын. Ал фонограмма кең тарағаннан кейін елде білікті дыбыс режиссерларды даярлау бәсеңдеп қалды. Сондықтан оларды да оқыту керек, шетелге жіберіп тәжірибе жинатқызу қажет. Әйтпесе жанды дауыстың сапасы да, концерт мәдениеті де жоғарыламайды”, – деді ол.

Жеңіс Ысқақова фонограмма туралыФото: https://www.instagram.com/zhenisiskakova

Әнші Заттыбек Көпбосынұлы да әріптесінің сөзін қолдап, қазақстандық әртістерге фонограммамен өнер көрсетуге тыйым салуды екі жағы бар мәселе деп атады.

Негізі кәсіби әншілердің фонограммасыз, жанды дауыста ән айтқаны дұрыс. Дегенмен, өкінішке қарай, елімізде техникалық жағынан барлық орында жағдай бірдей емес. Әрине, көп концерт өтетін орталықтарда жағдай бұрынғыдай нашар емес, біраз реттеліп, жақсарған. Дегенмен толықтай орнына келуі әлі уақытты қажет етеді деп ойлаймын”, – деді ол.

Бұған қоса, оның сөзінше, кейбір жағдайларда жанды дауыста ән айту тиімсіз.

“Фонограмманы қолдану керек жағдайлар да болады. Акустикасы нашар, техникалық мүмкіндігі шектеулі, ашық алаңдардағы орындарда оны пайдалану орынды. Мұндай шешім әншіге де, оны тыңдап отырған халыққа да жағымды болады”, – деді ол.

Заттыбек Көпбосынұлы фонограмма туралыФото: https://www.instagram.com/zattybek

Ал әнші Айқын Төлепберген 20 жылдан астам уақыт бойы кез келген алаңда тек жанды дауыста өнер көрсететінін айтып, бұл заңның қабылданғанына қуанатынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл шешім мәдениетіміздің деңгейін көтереді.

Мен бұл заңның қабылданғанына қуандым. Заң іс жүзінде жүзеге асады деп сенемін, өйткені әр орында әншілер жанды дауыста өнер көрсетуге тиіс. Бұл біздің мәдениетіміздің деңгейін көтереді”, – деді ол.

Өнер иесінің сөзінше, жас буын жанды дауыста ән айтуға үйреніп қалған, ал ескі буын қатарында әлі де фонограммадан бас тартпағандар бар.

“Фонограммамен кез келген әнші туындыны жоғары деңгейде орындап шыға алады. Сахнада жанды дауысты кәсіби деңгейде орындайтындар жастар арасында көп. Қазіргі жас буын жанды дауыста ән айтуға үйреніп қалған. Ал ескі буынға келсек, әлі де көп әнші әсіресе тойларға шығатындар фонограммамен орындайды. Дегенмен тойда бұл қалыпты жағдай, ал концерттерде, әсіресе жеке концерттерде фонограммамен ән айту ұят. Өйткені көрермен оған ақша төлеп, билет алады. Сондықтан бұл заң қазақ эстрадасының сапасын көтеруге үлкен септігін тигізеді”, – деді ол.

Сондай-ақ Айқын Төлепберген қабылданған заңды қадағалайтын құрылымның жұмысына аса назар аудару қажет деп санайды. Себебі сырттан тыңдаған адамға фонограмма қолданылғанын ажыратып білу қиын.

“Енді заңды қадағалайтын құрылым қалай жұмыс істейтініне аса назар аудару қажет деп ойлаймын. Мысалы Қытайда концерт барысында дыбыс режиссерінің жанында арнайы адам отырады. Егер фонограмма қолданылса, бірден айыппұл салынады. Бірақ бұл мәселені тексеру оңайға соқпайды. Сырттан тыңдаған адамға фонограмма қолданылғанын ажыратып білу қиын, сондықтан тек кәсіби дыбыс режиссерінің жанында бақылау қажет. Өйткені кейде “жанды дауыста” деп айтылып, бірақ фонограммамен өнер көрсететін әншілер де кездеседі”, – деді ол.

Айқын Төлепберген фонограмма туралыФото: https://www.instagram.com/aikyn

Заң туралы не белгілі?

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық әртістерге фонограммамен өнер көрсетуге тыйым салынғаны, Президент заңға қол қойғаны хабарланған еді.

“Мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдағы түзетулерде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаудың құқықтық механизмдерін күшейтті. Айтылғандай, баланы асырап алу немесе кәмелетке толмағандарға қамқорлық тағайындау құқығы бірінші кезекте баланың туыстарына беріледі. Олардың болмауы жағдайында тіркелген некеде тұрған адамдарға беріледі. 

Екінші блок түзетулері мемлекеттік бақылауды санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға енгізді. Сонымен қатар олар мемлекет қаражат бөлетін тамақ, тұрғын үй, медициналық көмек, білім, тәрбие және балаларды сауықтыру қызметтеріне қатысты ұйымдарды да қадағалайды. Бұл ретте тиісті нормалар Кәсіпкерлік кодексінен алынып, “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекс пен “Баланың құқықтары туралы” заңға енгізілді.

Үшінші блок түзетулері техникалық, кәсіптік және ортадан кейінгі білім беру ұйымдарын олардың қызмет көрсетудегі жетістіктеріне қарай рейтингтеу жүйесін енгізді. Сол сияқты, жоғары және кейінгі жоғары білім беру ұйымдары да министрлік бекіткен бағалау әдістемесі мен ережелерге сәйкес рейтингтелетін болды.

Төртінші блок түзетулері концерттерде фонограммаларды пайдалануға тыйым салады (телехабарлар мен арнайы бейімделмеген орындардан басқа). Сонымен қатар кез келген қоғамдық орында, БАҚ-та немесе онлайн платформаларда авторлық құқық объектілерін пайдаланғанда автордың атын көрсету міндетті болды.

Жергілікті атқарушы органдар кітапхана қорын дамыту және сақтау шараларын қабылдауға жауапты болып белгіленді. 

Заңға Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік кодекстеріне, “Неке (көлік) және отбасы туралы”, “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы”, “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы”, “Баланың құқықтары туралы”, “Мәдениет туралы”, “Білім туралы”, “Педагог мәртебесі туралы” кодекстерге түзетулер енгізілді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 15:16