"Бізде 40 пәтер бар дейді. Бәріне 40 пәтер тілеймін": Блогер Жанәбілов сотта сөз сөйледі

Астанада блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Жарыссөз барысында айыпталушы блогер Ерболат сөз сөйлеп, жұбайымен бірге ешқандай алаяқтықпен айналыспағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін.
“Біз алаяқтықпен айналысқан жоқпыз, ешкімді алдамадық. Мұны құрметті прокурор да атап өтті, оған дәлелдер бар. Адамдар мен журналистер бізде 40 пәтер бар деп жазып жатыр. Әумин. Сіздерде де 40 пәтер болсын. Әрқайсыңызға 40 пәтер тілеймін. Бай болыңыздар”, – деді ол.
Блогер барлық қажетті құжатты сотқа ұсынғанын, иелігіндегі мүлкі мен көліктеріне қатысты деректің бәрін көрсеткенін алға тартты.
“Әрине, мұндай жағдайды ешкімге тілемеймін. Осында осылай тұрудың өзі қорқыныш, эмоция, алда не болатынына деген алаңдаушылық тудырады”, – деді блогер.
Ол сондай-ақ жұбайымен екеуінің қарапайым адамдар екенін, ал блогер болғанға дейін өзінің құрылыста жұмыс істегенін айтты.
Сонымен қатар блогер неге өздеріне бас бостандығынан айыру жазасы сұралып отырғанын түсінбейтінін жеткізді. Оның айтуынша, басқа блогерлерге мұндай жағдайда тек әкімшілік жаза тағайындалған.
ОқыңызАйта кетейік, бүгін сот барысында прокурор Ерболат Жанәбілоке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал Эльмира Төлегеноваға да 4 жыл жаза сұралып, бірақ оны 1 жылға кейінге қалдыру ұсынылды.
Сонымен қатар прокурор заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеуді ұсынды.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек