Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ерлерге арналған журналға жартылай жалаңаш түстік": КешYou тобының экс-мүшесі топтағы кезеңді еске алды

Әнел Әрінова
Фото: instagram.com/anelarinovaofficial

Әнші Әнел Әрінова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында 2006-2012 жылдары КешYou тобында өнер көрсеткен кезінде ерлерге арналған журналға ашық образда суретке түскен сәтін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің айтуынша, сол уақытта сахнаға жартылай жалаңаш образбен шығу қалыпты нәрсе болған. Бірақ ол бұл ешқандай ұятсыздықтың көрінісі емес екенін, керісінше, көпшілік алдына батыл шығып, шоу жасай білу үшін үлкен жүрек пен қайсарлық қажет екенін айтты.

Әрине, бәріміз де жеткілікті түрде қатаң тәрбие көріп өстік. Ұят деген бар, тым қысқа киім киюге болмайды, қыз бала ибалы болғаны дұрыс деген түсінікпен тәрбиелендік. Алайда ол кезеңнің талабы басқа еді, сондықтан сахна ашығырақ, батылырақ образды қажет етті”, – деді ол.

Әнші сол кезеңде КешYOU тобы ерлерге арналған журналға да түсірілім жасағанын еске алды.

“Ол кезде бұл жартылай жалаңаш әйелдер әсем ішкиіммен суретке түсетін ерлер журналы болатын. Әрине, КешYOU тобы да одан шет қалған жоқ. Біздің де сондай түсірілімге қатысқан кезіміз болды”, – деді ол.

Ол бұл сәтті өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі ретінде сипаттады. Өнер иесінің сөзінше, жартылай жалаңаш күйде камера алдына отырып, фотографтардың нұсқауын орындап, сонымен қатар қажет эмоция мен көзқарасты беру оңай болмаған. Сырт көзге әдемі көрінгенімен, мұның бәрі жас қыз үшін үлкен психологиялық қысыммен өткен.

Қалай десек те, бұл да өмір мектебі болды, сірә, одан өту керек еді. Бәлкім, сол кезеңнен өтпегенімізде, бүгінгі жеткен орнымызға да келмес пе едік”, – деді ол.

Әнел Әрінова бұл жағдайға қатысты әсіресе әкесінің реакциясы жадында ерекше сақталғанын айтты. Әншінің сөзінше, әкесі осыған ұқсас журналдағы суретін көргенде ұрысып не ұзақ ақыл айтпаған. Тек бәрін түсінетінін, мұнда эстетика да, сұлулық та барын айтқан. Бірақ сонымен бірге қыз баланың мұндай ашық образына алаңдаушылық білдіріп, қысқа ғана ескерту жасаған.

Ол маған жай ғана “Қызым, бәрін түсінемін: эстетика, әдемі. Бірақ саған артыңнан қалмайтын маньяк ер адамдар керек пе?” деді”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 23:40