"Жасандылық көп, қарапайымдылық жоқ": Жұлдыз Әбдукәрімова Астанадағы үйін көрсетемін деп желідегі жұртқа жақпай қалды

Танымал әнші Қайрат Нұртас пен жары Жұлдыз Әбдукәрімова Астанадағы жаңа үйлерін көрсетті. Жұлдызды отбасы Динара Сәтжанға берген сұхбатында құрылыс кезеңіндегі қызықтарды бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актрисаның айтуынша, кейінгі бір жылда өмірінде жаңа кезең басталған. Осы уақыт аралығында тұңғышы шетелге оқуға түсіп, пәтерінің жөндеу жұмыстары аяқталып, өзі бесінші сәбиін дүниеге әкелген.
“Бұл үйде тұрып жатқанымызға тура үш ай болды. Құрылыс жұмыстары толық бітпей жатып көшіп кірдік. Төрт жыл бойы пәтер жалдап тұрғаннан кейін өз шаңырағымызға қоныстану маған ерекше тұрақтылық сезімін сыйлады”, – дейді ол.
Жұлдыз Әбдукәрімова алғашында жүктілігіне байланысты жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтау үшін кей дүниені қарапайымдау етіп жасауға келіскен. Алайда кейін ол өзіне ұнамай, қайта жасату туралы шешім қабылдаған.
“Табиғатыма сай келмеді. Дизайгерге “қап-қараңғы ғой” дедім де, ол қалай көреді, солай жасап берді”, – деді ол.
Өнер иелерінің жаңа шаңырағында төбенің биіктігі 3,3 метр, ал есіктерінің ұзындығы үш метрге жетеді. Есіктер арнайы тапсырыспен жасалған. Қабырғалар ашық түске боялған.
Үйдің ерекше тұстарының бірі – кіреберістегі көз тартатын картина. Актрисаның айтуынша, қабырғаға арнайы ваза қойылған және оған жыл мезгіліне сай үнемі гүл салынып тұрады.
“Үйдің көрінісі өзгеріп тұрғанын қаладым. Мәселен, сәуірде мамыргүл тұрса, мамырда оның орнын басқа гүл басады. Әр маусымның өз гүлі болады”, – деді ол.
Тағы бір қызығы – үйдің барлық бөлмесінде бейнебақылау камералары орнатылған. Жұлдыз Әбдукәрімова бұл камералар Қайрат Нұртаспен бірге гастрольдік сапарға шыққанда кенже қызына қарайтын күтушіні бақылап отыру үшін қойылған деп түсіндірді.
Қонақ бөлменің қабырғасына емен ағашының бейнесі салынған. Актрисаның айтуынша, бұл ағаштың мәні терең: ол күш-қуаттың, төзім мен ұзақ ғұмырдың символы.
“Бұл ағаш түсіме кірді. Тіпті аян берді десем де болады. Содан кейін осы шешімді аяқасты қабылдадым”, – деді ол.
Қонақ бөлмеден асүйге бірден өтуге болады. Бұл жерде әрі ас дайындауға, әрі тамақтануға барлық жағдай жасалған. Ал асүйден кір жуатын бөлмеге өтуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, ол жерде бірнеше шкаф орнатылған, онда тұрмысқа қажет көптеген затты көзге түспейтіндей етіп жинап қоюға болады.
Жұлдыз Әбдукәрімова мен Қайрат Нұртастың жатын бөлмесі үлкен, жеке жуынатын бөлмесі мен киім сақтайтын бөлмесі бар. Бұған қоса, екі қызы мен ұлдарының жеке бөлмелері бар.
Екі сағатқа созылған сұхбат барысында тек үй көрсетіліп қоймай, ашық әңгіме де өрбіген. Дегенмен желі қолданушылары оның кейбір әрекеттерін жақтырмай, Threads желісінде түрлі пікір қалдырған.
“Сұхбатты аяғына дейін көре алмадым. Жұлдыз қатты өзгерген және кері өзгерген екен. Ешқандай қарапайымдылықты байқай алмадым. Қайратқа сөз бермей, тек өзім деумен болды”, “Мен Жұлдызды о бастан-ақ қарамаймын, жасандылық көп, қарапайымдылық жоқ”, “Тіпті, Баянның өзі қарапайым болған шығар. Боянып, ұйқыдан тұрғаннан кейін киетін киім киіп алыпты”, “Жұлдыздың әрекеті ашу тудырады. Өзін ақылды етіп көрсеткісі келеді, бірақ шын мәнінде ондай емес”, – деп жазды олар.
Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыз Әбдукәрімова ата-енесіне арнап қоныстой жасағаны хабарланған еді.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек
Оқыңыз