"Халықаралық деңгейдегі мәселе": Тоқаев Астанада президенттерге үндеу жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына саммитке қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
“Бүгінгі кездесу өңірді орнықты дамыту қағидаттарына, прагматикалық және өзара келісілген экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бейіл екенімізді растайды. Осы жиында Қордың даму перспективасын талқылап, Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдерді айқындаймыз. Бұл кең ауқымдағы халықаралық мәселе болғандықтан, біздің жұмысымызға көптеген мемлекеттер, халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Аралды құтқару мәселесі көп жылдар бойы аймақта да, әлемде де айтылып келеді. Өңірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өркендету – ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндет”, – деді Тоқаев.

Қазақстан президент Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа екеніне тоқталды.
“Қор Арал теңізін құтқаруға бағытталған халықаралық қолдау шараларын шоғырландырып, бірлескен бастамаларды іске асыруда айтарлықтай рөл атқарады. Қазақстан Қорға төрағалық ету барысында барлық құрылтайшы мемлекеттердің қатысуымен көптеген өзекті міндеттердің шешімін табуға дәйекті түрде ықпал етті. Мысалы, су-энергетика саласындағы ынтымақтастық нығайып, жобаларды қаржыландыру тетіктері кеңейіп келеді. Қордың Атқарушы комитетінің үйлестіру қызметін арттыру жөнінде шаралар қабылданды Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен серіктесе отырып әзірлеген 2026-2029 жылдарға арналған Өңірлік жол картасы Арал маңы тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға үлес қосады”, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.
“Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. "Арал" геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрылтайшы мемлекеттерге шынайы алғысымды айтамын. Жұмыла жұмыс істеп, мақсат пен нақты істі сабақтастыра отырып, халықтарымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін”, – деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Тоқаев су проблематикасын аймақ елдеріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық назар аударатын өзекті мәселе ретінде қарастыруға шақырды.
“Бұл ұлттық деңгейдегі немесе тактикалық емес, әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет. Сондықтан нақты іске көшу керек. Қор жұмысының ұйымдастыру механизмдерін жаңарту да өзекті. Сол арқылы Ұйым қызметінің қолданбалы сипаты күшейе түседі. Біздің ойымызша, Қордың өңірге ортақ платформа ретіндегі рөлін нығайта түскен жөн. Осылайша, су, экология және орнықты даму мәселелерін Орталық Азия елдерінің мүддесіне сай тиімді шешуге болады. Бұған дейін қалыптасқан өзара ықпалдастықты дамытқан дұрыс. Халықаралық сарапшылардың бақылауынша, соңғы жылдары су мәселесінде аймақ елдері өз мүдделерін алға шығарып отыр. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының былтырғы Консультативтік кездесуінде халықаралық стандарттарға сүйене отырып, Суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция қабылдауды ұсынған едім. Мұндай конвенция қабылдау көпжақты ықпалдастықтың келісілген қағидаттарын бекітуге және трансшекаралық суды пайдаланудың тиімділігін арттыруға жол ашады. Осы мәселеге зейін қоюларыңызды сұраймыз”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын цифрландыруды, соның ішінде Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізуді басты міндет ретінде атады. Бұл тетік деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.
“Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыруға кірісті. Осы тәжірибені Арал теңізіндегі барлық бассейнге енгізуге болар еді. Қорды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Бұл үдеріс біршама созылып кетті деп ойлаймын. Кезек күттірмейтін міндеттің бірі – Мемлекетаралық энергетика комиссиясын құруды аяқтау”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, аймақтағы су мәселелері мен экологиялық сын-қатерлер арта түскен сәтте өзара келісімге келіп, кедергілерді бірлесіп еңсеру үшін күш-жігер жұмылдыру, бірлік таныту өте маңызды.
“Баршаңызға белгілі, Қырғызстанның Қордағы қызметі тоқтап тұр. Бұл – Қырғыз мемлекетінің өз еркі. Қазақстан оған құрметпен қарайды. Бұл ретте Қазақстан ведомстволар арасындағы жұмыс деңгейінде Қырғызстанмен байланыстың дамуын жоғары бағалайды және қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын. Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қырғызстанның тәжірибесі өте маңызды. Сондықтан еліміз Қырғызстанның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қызметін ертелі-кеш жаңғыртады деп есептейді. Біз бұған тек қуанар едік. Қордың аймақтағы рөлін нығайту мақсатында көпжақты ықпалдастықтың түрлі форматында, соның ішінде Консультативтік кездесулердің күн тәртібінде су мәселесін қарастыруды ұсынамын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор экологиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы екенін айтты.
Кеңес отырысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай сөз сөйледі.

Саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- "Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан Республикасының төрағалық ету барысы туралы" Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
- "26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау жөнінде" Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
- "Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы" Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
- Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының Астана мәлімдемесі.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Астана өткен Өңірлік экологиялық саммитте мүдделі халықаралық тараптарды Каспий теңізін сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырған еді.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек
Оқыңыз