Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың табысы бір жылда алғаш рет өсті – Ұлттық экономика министрлігі

қазақстандықтың табысы
Фото: magnific.com

2026 жылдың алғашқы үш айында халықтың нақты ақшалай табысы 0,1%-ға өсті. Ұлттық экономика министрлігі бұл өсімді инфляцияның баяулауымен және тұтыну бағасының тұрақтануымен байланыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәліметтерге сенсек, 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстан халқының нақты ақшалай табысы соңғы бір жылда алғаш рет оң өсім көрсетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты табыс 0,1%-ға артқан.

Министрліктің хабарлауынша, халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңге болып, былтырға қарағанда 11,8%-ға өскен.

Өсімге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – инфляцияның біртіндеп баяулауы және тұтыну бағасының тұрақтануы. Жылдық инфляция биылғы маусым айында 10,3%-ға дейін төмендеген. Халық табысының негізгі бөлігін жалдамалы жұмыстан түсетін кіріс құрайды. Ол барлық ақшалай табыстың шамамен үштен екі бөлігін қамтиды. Дегенмен, жалақы деңгейі экономиканың әртүрлі салаларында айтарлықтай ерекшеленеді.

2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша орташа айлық атаулы жалақы 9,1%-ға өсті, алайда нақты жалақы индексі 97,7%-ды құрады.

Мұны жалақының инфляцияны толық өтей алмағанын көрсетеді. Министрліктің мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ең жоғары жалақы өсімі мына салаларда тіркелген:

  • ауыл шаруашылығы – 20,3% (нақты өсім – 7,7%); 
  • қаржы және сақтандыру қызметі – 18,1% (5,7%); 
  • көлік және қоймалау – 12,9% (1,1%); 
  • өңдеу өнеркәсібі – 14% (2,1%). 

Бірқатар салаларда, әсіресе, мұнай секторында, еңбекақының қарқынды өсімі сақталып отырғанын көрсетеді. Министрліктің пікірінше, мұнай саласындағы жалақының жоғары қарқынмен өсуі өндірістің кеңеюіне, еңбек өнімділігінің артуына және сапалы жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етіп, халық табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын тұрақты түрде арттыру Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр.

Ол:

  • еңбекақыны кезең-кезеңімен көтеруді; 
  • ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайтуды; 
  • сапалы жұмыс орындарын ашуды; 
  • еңбек өнімділігін арттыруды; 
  • кәсіпкерлікті қолдауды; 
  • жоғары қосылған құны бар салаларды дамытуды қарастырып отыр.

Министрліктің айтуынша, бұл шаралар инфляцияның төмендеуімен қатар жүзеге асса, халықтың нақты табысы тұрақты өсіп, азаматтардың әл-ауқаты жақсара түседі.

Сондай-ақ үкімет, ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасына сәйкес, халықтың нақты табысын жыл сайын кемінде 2-3%-ға арттыру мақсат етіп белгіленген.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасын әзірлеп жатқанын мәлімдеген еді. Бағдарлама аясында жалақыны кезең-кезеңімен өсіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қарыз жүктемесін азайту, инфляцияны тежеу және кәсіпкерлікті қолдау шараларын іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мен азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын қайта қарау мәселесі де қарастырылмақ.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Шілде, 2026 11:29