Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет қазақстандықтардың жалақысын арттырып, қарыз жүктемесін азайтатын жаңа жоспарды іске қоспақ

жалақы несие экономика
Фото: Stan.kz

Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасын іске қоспақ. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұмағарин Үкімет отырысында ел экономикасының өсу қарқыны, елдегі табысты арттыру және халықтың қарыз жүктемесін азайту жолдары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Премьер-министрінің орынбасары халықтың нақты табысын арттыру Үкіметтің негізгі басымдығы ретінде бекітілгенін атап өтті. Осы мақсатта арнайы бағдарлама қабылданған.

"Жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын құру, халықтың қарыз жүктемесін азайту және кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын және жалдамалы жұмысшылардың табысын өзара міндеттемелерді орындау арқылы арттыру мәселесі қаралады", – деді Серік Жұмағарин.

Тұтынушылық несиелерге бақылау күшейеді

Ең төменгі жалақы мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қараумен қатар, экономикалық блок қазақстандықтардың шамадан тыс қарыздану мәселесіне де ерекше назар аудармақ. Үкімет тұтынушылық несиелер көлемінің артуын халықтың әл-ауқатына тікелей қауіп ретінде бағалап отыр. Айтуынша, халықтың несиелік жүктемесі мен тұтынушылық несиелердің өсу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Үкіметтің басты мақсаты – халықтың нақты табысының өсімін жыл сайын 2-3 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз ету екенін атап өтті ол.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жалақының өсуі толықтай несие мен шағын қарыздарды өтеуге жұмсалып кетпеуі үшін Үкімет инфляцияны тежеу бағытындағы жұмысты да күшейтеді.

Ел экономиксы соңғы жарты жылда  3,7%-ға өсті

Серік Жұманғариннің айтуынша, сыртқы экономикалық ахуалдың күрделенуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы сапалы өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,5%-ге жеті, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды.

"Биыл да оң динамика сақталып келеді. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша экономика 3,7%-ға өсті. Мұнай өндіруді есептемегендегі өсім 5%-дан асты. Бұл экономика құрылымының біртіндеп өзгеріп, шикізаттық емес салалардың рөлінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібі негізгі өсім драйверлерінің бірі болып қала береді", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі, құрылыс және көлік қызметтері салаларында да жоғары өсім қарқыны сақталған.

Сонымен қатар сауда, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс салаларында да өсім байқалады. Сондай-ақ министрліктің бағалауынша, жыл қорытындысында экономика өсімі кемінде 5%-ға жеткен.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 12:07