Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі қалай өзгерді: Өмір сүру ең қымбат өңірлер белгілі болды

Азық-түлік
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орташа ең төменгі күнкөріс деңгейі 65 886 теңгені құрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша жаңа деректерді жариялады.

Ресми статистикаға сәйкес, ел бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 65 886 теңгені құрады. Ал екінші тоқсанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бұдан да жоғары болып, 67 618 теңгеге жетті.

Ең жоғары ең төменгі күнкөріс деңгейі Алматыда тіркелді, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ол 76 711 теңгені құрады. Екінші орында Маңғыстау облысы – 73 220 теңге. Үшінші орында Алматы облысы тұр, мұндағы көрсеткіш 71 498 теңгені құрады.

Астанада бұл көрсеткіш 69 917 теңгені құраса, ал Шымкентте – 65 999 теңге болды.

Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан облысында тіркелді – 57 517 теңге, Ақтөбе облысында – 60 781 теңге және Атырау облысында – 61 081 теңге.

Ең жоғары ең төменгі күнкөріс деңгейі 14–17 жас аралығындағы ұлдарда тіркелді – 85 613 теңге. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 4309 теңгеге немесе 5,3%-ға жоғары, сондай-ақ 18 жастан асқан ер адамдарға қарағанда 6,3%-ға артық.

14–17 жас аралығындағы қыздар бойынша көрсеткіш 65 598 теңгені құрады, бұл көрсеткіш ересек әйелдерге қарағанда 2,6%-ға жоғары.

Ересектер арасында да айырмашылық сақталған. 18 жастан асқан ер адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 80,5 мың теңгені құрайды, ал әйелдер үшін – 63,9 мың теңге. Арадағы айырмашылық 16,6 мың теңгеге жетіп, шамамен 26%-ды құрайды.

Ең төменгі көрсеткіш 14 жасқа дейінгі балаларда тіркелді – 53 645 теңге. Зейнеткерлер бойынша бұл көрсеткіш 63 422 теңгені құрады. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда барлық жас топтарында көрсеткіштер 5,3–5,4%-ға өскен.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі нені білдіреді? 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейі бір адамға қажетті тұтыну себетін сатып алуға жететін ең төменгі ақшалай табысты білдіреді. Оның құрамына негізгі азық-түлік жиынтығы, сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер кіреді.

Азық-түлік себеті 43 тауардан тұрады, олардың қатарына ет, балық, сүт өнімдері, нан, көкөністер, жемістер, жұмыртқа, қант және басқа да бірінші кезектегі тауарлар кіреді. Оның құны тұтынудың ең төменгі нормалары мен орташа бөлшек бағалар негізінде есептеледі.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер тұтыну себеті құнының 45%-ын құрайды. Бұл бөлікке киім-кешек, көлік, коммуналдық қызметтер және басқа да негізгі қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар кіреді.

Еске салсақ, бұған дейін депутат Асхат Рахимжанов қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығыны табысының 52%-ына жеткенін айтып, мұны “тұрақтылық емес, өмір сүру үшін күрес” деп бағалаған еді. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 20:34