Халықаралық іздеу жарияланған блогер 35-тен аса блогерді казиноны жарнамалауға тартқан
Maha.dxb лақап атымен танылған өзбекстандық блогерге Қазақстанда халықаралық іздеу жарияланды. Себебі ол бірнеше интернет-казиноны жарнамалады деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2000 жылы 19 ақпанда туған Махмуд Хикматов SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up, Vavada және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттауға қатысы бар деп күдікке ілінген.
Тергеу барысында Қазақстанда заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне жағдай жасалғаны анықталған. Ойыншылардан ақша қабылдау және ұтысты төлеу үшін банк карталары, мобильді төлемдер мен криптовалюта қолданылған.
Оған қоса интернет-казиноларға Қазақстан азаматтарын тарту үшін әлеуметтік желілерде жарнама таратылған.
“Жарнаманы ұйымдастыру үшін Махмуд Хикматов тартылған. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін блогерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдарды жариялау тапсырылған. Осы мақсатта Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын сұратқан. Оның ішінде жазылушылардың жасы, жынысы және орналасқан жері, жазбаларының аудиторияны қамту көрсеткіші туралы мәліметтер алынған. Жарнама үшін төленетін ақы осы көрсеткіштерге қарай белгіленген”, – делінген хабарламада.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Хикматов 35-тен астам блогерді жарнамаға тартқан. Олардың арасында блогер Қайсар Қамза да болған.
“Қайсар Қамза интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді әлеуметтік желілерде жариялаған. Осылайша Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тартқан. Ол пайдаланушылардың осы сілтемелер арқылы өткен әрбір әрекеті үшін сыйақы алып отырған”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қайсар Қамза биыл 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған. Қазір Махмуд Хикматов халықаралық іздеуде. Сот оны қамауда ұстауға санкция берген.
Қаржылық мониторинг агенттігі күдіктінің қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарға +7 7172 70 84 78 нөмірі арқылы ведомствоның кезекші бөліміне хабарласуды ұсынды.
Агенттік ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақталатынын және хабар бергені үшін сыйақы төленетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған еді. Ол Астанаға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалған.
