Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар электрлі көліктерге қарағанда гибридтерді көбірек алады: Қай маркаға сұраныс артқан

Geely Galaxy Starship
Фото: autoreview.ru

Қазақстанда электрокөліктер мен гибридтерге сұраныс қарқынды өсіп келеді. Биыл жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктердің сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен бес есе артып, 2 мыңнан астам көлік сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктерге сұраныс қарқынды өсіп келеді. "Қазақстанның Автокөлік Одағының" (ҚАО) мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында ресми дилерлер NEV (New Energy Vehicles) санатындағы 2 122 жеңіл автокөлік сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен бес есе жоғары көрсеткіш. Сатылған көліктердің басым бөлігі қосылатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қашықтығы ұлғайтылған электрокөліктерге (EREV) тиесілі болды. Төрт ай ішінде мұндай 1 499 автокөлік сатылса, толық электрлі батареялы көліктердің саны 623 бірлікті құрады.

Гибрид көлік
Фото: kao.kz

Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, қазақстандықтар арасында қосылатын гибридтер мен EREV модельдеріне қызығушылық артып келеді. 

“Технологиялар өте жылдам қарқынмен дамып келеді, бұл жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктерге де қатысты. Егер бірнеше жыл бұрын Қазақстанда сегменттің басым бөлігін тек батареялы электрокөліктер құраса, бүгінде сатып алушылар қосылатын гибридтер мен жүріс қашықтығы ұлғайтылған электрокөліктерді жиі таңдай бастады. Көптеген қазақстандықтар үшін мұндай модельдер үнемділік, жүріс қашықтығы және еліміздің үлкен арақашықтықтары мен климаттық ерекшеліктері жағдайындағы пайдалану ыңғайлылығы арасындағы оңтайлы шешім болып отыр”, – деді Анар Мақашева.

Төрт айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең танымал бренд BYD болды. Ресми дилерлер аталған марканың 1 181 автокөлігін сатып, өткен жылмен салыстырғанда сатылымды 432 пайызға арттырған. Екінші орында 384 көлікпен Li Auto, ал үшінші орында 367 автокөлікпен Geely Galaxy тұр. Сондай-ақ алғашқы бестікке Zeekr (89 бірлік) және ROX (46 бірлік) енді.

Ең көп сұранысқа ие модельдердің көшін гибридті BYD Song Plus DM-i бастады. Төрт айда бұл модельдің 413 данасы сатылған. Одан кейін Geely Galaxy EX5 EM-I (345 бірлік) мен BYD Chazor (284 бірлік) орналасқан. Сонымен қатар Li Auto L6 (231 бірлік) және толық электрлі BYD Yuan Up (213 бірлік) модельдері де үздік бестікке кірді.

Ал классикалық гибридті көліктер (HEV) арасында Toyota Camry көшбасшылықты сақтап қалды. Қаңтар-сәуір айларында аталған модельдің 274 данасы сатылған. Кейінгі орындарда Lexus RX (19 бірлік) пен Toyota RAV4 (17 бірлік) тұр.

Мамандардың пікірінше, модельдік қатардың кеңеюі, жаңа брендтердің ресми түрде нарыққа шығуы және тұтынушылар талғамының өзгеруі Қазақстандағы электрокөлік пен гибридтер нарығының одан әрі дамуына ықпал етіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Ухань қаласында Apollo Go роботаксилерінің жүйелік ақауынан жүздеген жүргізушісіз көлік көшенің ортасында тоқтап қалған еді. Оқиға салдарынан жол қозғалысы қиындап, бірнеше жеңіл соқтығыс тіркелген. Полиция зардап шеккендер болмағанын мәлімдеді. Кейін компания ақауды жою жұмыстарын жүргізіп, оқиғаның нақты себебі тексеріліп жатқанын хабарлаған. 

Айым Атамбаева
Жұма, 29 Мамыр, 2026 11:32