Қазақстанда екі бірдей рақымшылық жарияланбақ: Кімдерге қатысты болады

Қазақстанда биыл қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізу жоспарланып отыр. Егер қылмыстық рақымшылық тәжірибесі елімізде бұрыннан бар болса, әкімшілік рақымшылық тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, қылмыстық рақымшылық шамамен 16,5 мың адамға қатысты болады. Оның ішінде 1200 адамның ісі тергеу сатысында тоқтатылса, 10 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылады. Ал 5 мыңға жуық адам жазадан толық босатылады. Түзету мекемелерінен шамамен 1500 адам бостандыққа шығуы мүмкін.
Рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар жасағандарға, сондай-ақ онша ауыр емес және кейбір орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандарға қолданылады.
Әкімшілік рақымшылық аясында полиция желісі бойынша төленбеген шамамен 1 миллион айыппұл есептен шығарылуы мүмкін. Олардың жалпы сомасы 17 миллиард теңгеге жуық. Бұл 2026 жылғы 16 наурызға дейін төленбеген айыппұлдарға қатысты.
Қандай қылмыстар рақымшылыққа ілінеді?
Онша ауыр емес қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтар үшін жазадан толық босату қарастырылған. Ал орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша келтірілген залал өтелген жағдайда адам толық босатылуы мүмкін. Егер залал өтелмесе, жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
Рақымшылыққа жиі ілінетін баптардың қатарында:
- ұрлық;
- мал ұрлығы;
- сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету бар.
Сондай-ақ кейбір экономикалық қылмыстар бойынша да жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі қарастырылған.
Кімдер рақымшылыққа ілінбейді?
Заң жобасына сәйкес, адам өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизмге қатысты істер рақымшылықтан толық шығарылған. Атап айтқанда:
- адам өлтіру;
- суицидке итермелеу;
- денсаулыққа қасақана ауыр, орташа және жеңіл зиян келтіру;
- ұрып-соғу;
- азаптау;
- сталкинг;
- АИТВ жұқтыру;
- жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар;
- сыбайлас жемқорлық қылмыстары;
- терроризм және экстремизм;
- дропперлік;
- қалыңдық ұрлау сияқты қылмыстар рақымшылыққа жатпайды.
Сондай-ақ сырттай сотталған азаматтарға да рақымшылық қолданылмайды.
Бишімбаев пен Перизат Қайраттың жазасы қысқара ма?
Заң жобасында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың материалдық залалды толық өтеген жағдайда мерзімінен бұрын босатылуы немесе жазасының жеңілдетілуі мүмкін екені көрсетілген. Осыған байланысты соңғы жылдардағы резонансты істердің фигуранттары – Қуандық Бишімбаев пен Перизат Қайратқа рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген сұрақ туындады.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл рақымшылық резонансты істерге қатысы жоқ. Қуандық Бишімбаевқа қатысты рақымшылық қолданылмайды. Ол сотталған баптар – аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру және азаптау – рақымшылыққа жатпайтын қылмыстар санатына кіреді. Сондықтан оған жазаны қысқарту да, мерзімінен бұрын босату да қарастырылмаған. Перизат Қайрат та рақымшылыққа ілінбейді. Депутаттың сөзінше, ол аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін сотталған, ал бұл бап заң жобасындағы рақымшылық тізіміне енгізілмеген.
Жанәбіловтер рақымшылыққа іліге ме?
Жуырда заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты да сұрақ қойылды.
Сот шешімімен ЕрболатЖанәбілов 2 жыл шартты жаза алса, Эльмира Төлегенова кішкентай балалары бар болғандықтан 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын екі жылға кейінге шегеру түріндегі үкім алған.
Алайда Снежанна Имашеваның айтуынша, Жанәбіловтер де рақымшылыққа жатпайды. Себебі заңсыз кәсіпкерлік бабы рақымшылыққа ілінгенімен, Қылмыстық кодекстің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қатысты 218-бабы рақымшылықтан шығарылған. Заң талаптарына сәйкес, егер адамның бір қылмысы рақымшылыққа жатпаса, онда оған тұтастай рақымшылық қолданылмайды.
Сонымен бірге депутат кейбір экономикалық қылмыстар бойынша рақымшылық қарастырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, жекелеген заңсыз кәсіпкерлік немесе бәсекелестік саласындағы құқық бұзушылықтар рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Ал қаржы пирамидаларын ұйымдастыру, қылмыстық кірістерді заңдастыру, заңсыз банктік қызмет және бірқатар қаржылық қылмыстар рақымшылықтан тыс қалады.
Неліктен рақымшылық жасау кезінде келтірілген залалды өтеу маңызды?
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, қылмыстық рақымшылықты қолданудағы басты талаптардың бірі – сотталған адамның жәбірленуші алдындағы жауапкершілігі.
Оның сөзінше, мемлекет рақымшылық жасау кезінде гуманизм мен әділдік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады.
Рақымшылық сотталған адамға қатысты ізгілік таныту болса, ол жәбірленушіге әділетсіздік болып көрінбеуі тиіс. Егер қылмыс салдарынан залал келтірілсе, зардап шеккен тараптың мүддесі міндетті түрде ескерілуі қажет”, – деді депутат.
Сондай-ақ әрбір сотталған адамға қатысты соңғы шешімді сот қабылдайды. Бұл ретте заң талаптарына сәйкестік қана емес, жазасын өтеу кезеңіндегі тәртібі мен мінез-құлқы да назарға алынады.
“Егер сот адамның түзелмегені туралы қорытындыға келсе, рақымшылық қолданудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан оң мінез-құлық маңызды шарттардың бірі болып саналады”, – деп түсіндірді Имашева.
Қандай айыппұлдар кешіріледі?
Әкімшілік рақымшылықтың ең ауқымды бөлігі – бұрыннан төленбей келе жатқан айыппұлдарды есептен шығару. Рақымшылыққа жиі ілігетін құқық бұзушылықтардың қатарында:
- қоғамдық орындарда алкоголь ішу немесе мас күйде жүру;
- жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы;
- жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау;
- тыныштықты бұзу;
- рұқсат етілмеген жерде темекі шегу;
- қауіпсіздік белдігін тақпау;
- көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану;
- жарамсыз жеке куәлікпен тұру;
- билетсіз жүру бар.
Жалпы алғанда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 250 құрамы рақымшылыққа енгізілген. Алайда қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар бұл тізімге кірмейді. Мәселен, бағдаршамның қызыл түсіне өту немесе белгіленген жылдамдықты айтарлықтай асыру үшін салынған айыппұлдар кешірілмейді.
Айыппұлды есептен шығару үшін өтініш беру керек пе?
Жоқ. Депутаттың айтуынша, айыппұлдардың басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде есептен шығарылады. Егер қандай да бір себеппен айыппұл кешірілмесе, азаматтар уәкілетті органға, прокуратураға немесе сотқа жүгіне алады. Парламент өкілдерінің бағалауынша, әкімшілік рақымшылықты толық жүзеге асыру заң күшіне енгеннен кейін шамамен алты айға дейін созылуы мүмкін.
Мемлекет неге әкімшілік рақымшылық жасауға шешім қабылдады?
Снежанна Имашева бұл бастаманы гуманизм актісі деп бағалайды. Оның айтуынша, бұл құқық бұзушыларды марапаттау емес, жылдар бойы жиналған айыппұлдардан құтыла алмай жүрген азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған шара.
“Бұл құқықтық тәртіп әлсірейді деген сөз емес. Біз жиналып қалған айыппұлдарын төлей алмай жүрген адамдарға құқықтық және экономикалық өмірге қайта оралуға мүмкіндік бергіміз келеді”, – деді депутат.
Ол төленбеген айыппұлдар көбіне атқарушылық іс жүргізуге, банк шоттарының бұғатталуына және басқа да шектеулерге әкелетінін атап өтті. Кейбір берешектердің 2015 жылдан бері өтелмей келе жатқанын да айтты.
Рақымшылық "Заң мен тәртіп" қағидатына қайшы келмей ме?
Депутаттың пікірінше, рақымшылық – бір реттік, ерекше шара. Ол жыл сайын қайталанатын тәжірибеге айналмайды.
“Айыппұлды төлемей жүре берсем, кейін кешіріледі деп ойлауға болмайды. Көп жағдайда ол әлдеқайда ертерек өндіріліп алынады. "Заң мен тәртіп" қағидаты өзгермейді. Бірақ мықты мемлекет тек қатаңдықпен емес, қажет кезде ізгілік таныта алуымен де ерекшеленеді”, – деді Имашева.
Оның сөзінше, рақымшылықтың басты мақсаты – мемлекеттің азаматтарды тек жазалап қана қоймай, оларға өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік бере алатынын көрсету.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың мәліметінше, әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58 бабын қамтиды. Нәтижесінде 500 мыңнан астам азамат рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Оның айтуынша, ІІМ желісі бойынша жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын 1 миллионнан астам төленбеген айыппұл есептен шығарылады.
Сонымен қатар әкімшілік рақымшылық заңсыз есірткі және қару айналымына қатысты құқық бұзушылықтарға, сот шешімдерімен байланысты істерге, қайталанған құқық бұзушылықтарға, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілеріне және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге қолданылмайды.
“ІІМ бойынша есептен шығарылатын айыппұлдардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты”, – деді Санжар Әділов.
Қаржы вице-министрі өз кезегінде рақымшылық аясында шамамен 2370 субъектінің ісі қаралатынын айтты.
“Мемлекеттік сатып алу саласындағы құқық бұзушылықтар мен салық салу объектілерін қасақана жасыруға қатысты заң бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды”, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ төленбеген айыппұлды есептен шығару туралы қаулы электронды түрде сот орындаушыларына жолданады. Олар атқарушылық іс жүргізу арқылы айыппұлдарды автоматты түрде жояды. Ал айыппұлы кешірілген азаматтарға SMS-хабарлама келеді. Ал бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай рақымшылыққа ілінген тұлғалар туралы мәліметтер дерекқорда сақталатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы алғанда 1 млн 471 мың әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 21 млрд 182 млн теңге көлеміндегі айыппұл рақымшылыққа ілінеді. Соның ішінде Мемлекеттік кірістер комитеті бойынша 4 мыңнан астам құқық бұзушылыққа қатысты 446 млн теңге, Әділет министрлігі бойынша 561 құқық бұзушылыққа қатысты 16 млн теңге, ал өзге мемлекеттік органдар бойынша 3 мыңға жуық құқық бұзушылыққа қатысты 500 млн теңгеден астам айыппұл есептен шығарылмақ.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылғы мамырда Астана соты бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевн 24 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деген айыппен 4 жылға сотталды. Кейін сот рақымшылық туралы заң аясында Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартып, оның бостандыққа шығу мерзімі 2026 жылдың қарашасына белгіленген еді. Алайда биыл ол өзін ақтауды немесе жазасын жеңілдетуді сұрап қайтадан кассациялық шағым түсіргенімен, сот оның өтінішін қанағаттандырмай, бұрынғы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр
Оқыңыз