Бақытжан Байжанов соттан оны ақтауды өтінді: Алайда оның жазасы өзгеріссіз қалды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымын қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сәуірдің басында Бақытжан Байжанов сотқа тағы да шағымданып, оны ақтау немесе жазаны жеңілдетуді сұраған еді. Бүгін Байжановтың ісі бойынша сот отырысы өтті. Сот Байжановтың жазасын күшінде қалдырып, кассациялық шағымды қанағаттандырмады.
Байжановтың әйелі Айнұр Көлдеева сот процесіне қатысты. Ол күйеуі ғана емес, бүкіл отбасы жазаланып жатқанын, себебі оған балаларын жалғыз асырау және тәрбиелеу қиын екенін мәлімдеді.
"Менің өте қиын отбасылық жағдайымды ескеріңіздер. Күйеуім түрмеде, ал мен кішкентай балаларымды жалғыз асырап, тәрбиелеп жатырмын. Кеше мен ортаңғы баламмен ауруханадан шықтым, ол турниктен құлап, жағы сынды. Енді оған ем және үнемі күтім қажет. Мен физикалық және қаржылық тұрғыдан ауыр жүк көтеріп жүрмін. Шын мәнінде, бұл жағдайда тек күйеуім емес, сонымен қатар балаларым да жазаланып жатыр.Психикалық және физикалық тұрғыдан жазаланып жатырмыз. Балалар өмірінің қиын кезеңінде әкесіз өсіп келеді. Мен кешірім сұраймын, өйткені балаларымның өмірі мен сауығып кетуі сіздің шешіміңізге тікелей байланысты", – деді Байжановтың әйелі.
Ол күйеуінің келеңсіз жайттарға тап болғанын, бірақ ол қылмыскер емес екенін қосты.
Байжановтың үш адвокаты, әйелі сондай-ақ жәбірленуші тарап сөз сөйлегеннен кейін Бақытжан Байжановтың анасы сот залында үкімнің әділетсіздігі туралы айқайлай бастады.
Судья оған бірнеше рет ескерту жасады, бірақ ол тыңдамады. Судья оны сот залынан шығаруды бұйырды, бірақ анасы кетуден бас тартты. Ақыры ол сот приставтары мен полицияның көмегімен шығарылды.
Еске салайық, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасрыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
2024 жылғы қыркүйекте Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш берген, алайда кейін оны кері қайтарып алған. Адвокаты бұл шешімнің себебін нақтыламағанымен, оның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтқан.
Былтыр шілдеде Байжанов Степногорск аудандық сотына өтініш жолдап, рақымшылық жасау туралы заң аясында мерзімін қысқартуды сұраған. Бұған дейін Байжановтың адвокаты рақымшылық жасалса, оның қорғауындағы азаматтың мерзімі шамамен сегіз айға қысқартылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сот амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Ол кезде ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген еді. Осылайша, Байжанов 2026 жылғы қарашада бостандыққа шығуы керек болған.
Элиталық мектеп оқушысының "Қазақстан тарихы оқытылмайды" деген сөзі шындыққа жанаспайды – Оқу-ағарту министрлігі
Оқыңыз