Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев тарихты бұрмалап түсіндірудің қауіпті екенін ескертті

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде алғаш рет Алтын Ордаға арналған жеке том шығатынын мәлімдеді. Сонымен қатар таризты бұрмалап көрсету қауіпті екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Алтын Орда тарихы әлемдік жылнамадағы күрделі әрі көпқырлы кезең ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.

“Алтын Орда тарихи кезеңін жеңілдетіп түсіндіруге болмайды. Мұндай көзқарас әлем тарихындағы ерекше құбылысты біржақты қабылдауға әкеліп, тарихи қателіктерге себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мемлекеттер мен халықтар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа кері әсер етуі ықтимал. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалап көрсететін жағдайлардың қазірдің өзінде көріп отырмыз”, – деді Тоқаев.

Президент қазіргі күрделі геосаяси жағдайда адамзат тарихынан соғыстарды ғана емес, бейбіт өмір құруға, диалог орнатуға негіз болған мысалдарды да көре білу маңызды екенін айтты. 

“Әлем тарихында соғыстар мен қарулы қақтығыстар туралы дерек көп. Өйткені соғысты сипаттау бейбіт кезеңдегі бірқалыпты даму үдерісін баяндаудан әлдеқайда оңай. Тіпті Лев Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романының өзі бейбітшіліктен гөрі соғысты көбірек суреттейді”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев қазір әлем тарихи таңдау кезеңіне келгенін айтты. Сонымен қатар халықтарды біріктіретін ортақ тарихты қалыптастыру үшін беделді ғалымдардың күш біріктіруі аса маңызды екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан қазір Жошы Ұлысының мұрасын зерттеу және насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатыр.

Тоқаевтың бастамасымен елде Жошы Ұлысын зерттейтін институт құрылған. Бұл осы бағыттағы алғашқы мамандандырылған ғылыми мекеме.

“Алтын Орданың мұрасы шексіз”, – деді президент.

Сонымен қатар Тоқаев шетелдік ғалымдар мен мамандарды тартып, Алтын Ордаға арналған ауқымды халықаралық баспа жобасын іске қосуды ұсынды. Оған қоса қазір дайындалып жатқан Қазақстанның академиялық тарихында алғаш рет Алтын Ордаға арналған жеке том шығатынын мәлімдеді.

Президенттің сөзінше, Жошы Ұлысының бай зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару жүйесі мен дамыған экономикасы болған. Сондықтан бұл ірі өркениеттің қыр-сырын жан-жақты зерттеу маңызды.

“Қазір Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар”, – деді мемлекет басшысы.

Президент: "Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды"  

Президенттің айтуынша, Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттермен салыстырғанда стратегиялық ашықтық қағидатын ұстанған. Оның сөзінше, бұл ерекшелік сол дәуірдегі қалалардың сәулеті мен құрылымынан да айқын көрінеді.

“Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды.   Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады.   Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі. Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған.   Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады”, – деді президент.

Президент Алтын Орда дәуірінде өндіріс пен құрылыстың жоғары деңгейде дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, сол кезеңде жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кең қолданылуы соның дәлелі. Сондай-ақ Жошы ұлысында сауда мен кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалып, Еуразияның әр түкпірінен келген саудагерлерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Мемлекет басшысы Алтын Орда осылайша алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырып, бүкіл аймақтың дамуына ықпал еткенін айтты.

Тоқаев мұндай зерттеулер өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеуге, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттік бастауларын, бірегейлігі мен ортақ тарихын терең түсінуге мүмкіндік беретінін айтты.

"Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет"  

Президент Жошы ұлысы дәуірлеп тұрған кезеңде оның аумағы 6 миллион шаршы шақырымға жеткен. Ол тіпті Рим империясының ең қуатты кезеңінде мұндай көлемдегі жер болмағанын атап өтті.

“Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.   Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді.   Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді.   Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп қағидатының негізінде Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңы тұрғанын айтты. Оның сөзінше, заң үстемдік құрған алып империяның барлық аумағында адамдар мен олардың мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген.

"Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн"  

Президенттің сөзінше, ежелгі Месопотамия, Мысыр, Қытай және Үндістан өркениеттері негізінен өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасқан. Ал Ұлы дала өркениеті мүлде басқа тарихи даму жолымен дамыған.

“Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды. Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді. Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар”, – деді Тоқаев.

Түптеп келгенде, Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты дейді мемлекет басшысы.

“Алтын Ордаға жеке том арналып отыр"  

Президент Алтын Орданың мұрасы ұшан-теңіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл тарихи әрі рухани қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мемлекет басшысы өз бастамасымен Қазақстанда Жошы ұлысын зерттеу институты құрылғанын айтты.

“Бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме.   Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр.   Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатыр. Сондай-ақ спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізілуде.   Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни, халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажет", – деп түсіндірді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев "Тарихты жеңімпаздар жазады" деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн екенін айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 15:28