Тоқаев Қазақстандағы империяларды "мемлекет емес" деп көрсетуге тырысқан әрекеттерге қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы Тоқаев тарихқа саяси емес, ғылыми тұрғыдан әділ баға беру маңызды екенін айтты. Оған қоса көшпелі халықтарды төмендететін ескі көзқарастарды қайта қарау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Президенттің сөзінше, "тарихты жеңімпаздар жазады" деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн.
“Демек жеңімпаздарды жазғыруға болмайды. Әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады. Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын “мемлекет деңгейіне жете алмаған” деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі алмағайып кезеңде тарихшылардың алар орны ерекше екенін айтты.
“Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді. Кереғарлықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсіндіруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді. Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында "жұмсақ күш" пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр”, – деді Тоқаев.
“Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық"
Сонымен қатар Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға және қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына шынайы ризашылығын білдірді.
“Менің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды. Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды”, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл тақырып тек Қазақстан үшін емес, тұтас әлем тарихы үшін де маңызды. Ол халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, мәселені жан-жақты зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажет екенін атап өтті.
“Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр. Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді”, – деп түсіндірді Тоқаев.
Президент соңғы жылдары ұлттың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Оның сөзінше, былтыр "Хандар шежіресі" атты бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалып, тарихи құжат ретінде жоғары бағаланған. Сондай-ақ мемлекет басшысы бұл бағыттағы халықаралық байланысты одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.
“Теңге атауы ұлыстың "данг" сөзінен тамыр тартады"
Президенттің айтуынша, көптеген беделді ғалымдар қазір Алтын Орданың ақша жүйесіне қатысты маңызды жаңалықтар ашылып жатқанын айтып отыр. Оның сөзінше, археологтар осы уақытқа дейін белгісіз болып келген ондаған тиын сарайын анықтаған.
“Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған. Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың "данг" сөзінен тамыр тартады. "Деньги" сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел. Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты. Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты”, – деді ел басшысы.
Тоқаев Алтын Орда кезеңінде халықаралық сауда кеңінен дамығанын атап өтті. Оның сөзінше, Қытайдан жібек, Үндістаннан дәмдеуіштер, Ресей жерінен тері өнімдері, ал Еуропа мен Таяу және Орта Шығыс елдерінен қолөнер бұйымдары тасымалданған.
"Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ”
Президенттің айтуынша, Алтын Орда дәуірінде озық іс жүргізу жүйесі болғанын дәлелдейтін нақты тарихи деректер бар. Сондай-ақ ол Құрылтай институтының дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет еткенін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, ұлыстың әлеуметтік құрылымы тұрақты болғанымен, қоғамда қатып қалған қағидалардан гөрі әділдікке басымдық берілген.
“Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді. Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді. Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты. Жалпы, тарихта "Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни, тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім", – деді Тоқаев.
"Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық"
Тоқаев дәл осы кезеңде түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың сан ғасырлық даналығы өзара біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан кең ауқымға ие болғанын бас айтты.
“Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды. Халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен "Ақсақ құлан" күйінің символдық мәні зор. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы. Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес”, – деп түсіндірді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, сол кезеңдегі "Ер Едіге", Алпамыс, Қобыланды батыр, "Ер Тарғын" секілді жырларда батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар кеңінен баяндалады. Оның сөзінше, бұл мұралар қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және өзге де халықтарға ортақ рухани қазына болып саналады.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты
Оқыңыз