Қазақстан классикалық "Орта табыс дағдарысына" тап болды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші сарқыла бастағанын, Қазақстанның классикалық "Орта табыс дағдарысына" тап болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің айтуынша, әлемнің жетекші зертханаларының соңғы деректері дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтықтың жылдам ұлғайып бара жатқанын көрсетеді.
“Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең "технологиялық алшақтықты" қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық "Орта табыс дағдарысына" тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел экономикасының тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет деп тапсырды. Айтуынша, осылайша цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс.
“Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі”, – деді президент.
Оқыңыз