Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды

Тоқаев
Фото: Ақорда

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы моделдің ауқымына қарай емес, керісінше экономиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесім тапқанына байланысты анықталатынын айтты.

“Шын мәнінде, парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану өсімнің басты факторы санала бастады. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жаһандағы технологиялық жарыста бірде бір ел өз бетінше жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалана алмайды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибелермен алмасу үшін құрылды. Осыған орай Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын”, – деді Президент.

 Президент өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң деп есептейді.

“Бұл орайда тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп секторы, логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығынды азайту және басқару тиімділігін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруді ұсынамын. Индустриялық деректерді дамытып, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу, сондай-ақ процестерді жаппай автоматтандыру арқылы біз стратегиялық мақсаттардың пікірталас күйінде қалмай, нақты іске ұласуына мүмкіндік жасаймыз”, – деді Президент.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 14:30