Тоқаев мамыр мерекесінде өзіне сыйға тартылған жылқыларды көріп қайтты (видео)

Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне әр жылдары сыйға тартылған жылқыларды көріп қайтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада 1 жыл бұрын ақалтеке тұқымының биеcі дүниеге келген. Президент жылқыға өзі “Ақжан” деп ат қойған. Ол ақшыл-қызғылт реңктер үйлескен ерекше түсті. Сонымен қатар жарты жыл бұрын атқораға осы тұқымдағы тағы бір бие қосылып, оған “Ақниет” есімі берілген.
“Бірнеше ай бұрын біздің ақалтеке сәйгүліктерімізге ақшыл қоңыр түсті тағы бір құлын қосылды. Оны Ақниет деп атадым. Жылқы шаруашылығын жақсы білетін мамандар оның болашақта халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуі мүмкін екенін айтып отыр. Президент Іс басқармасының атқорасында жуырда Катар мемлекеті сыйға тартқан араб сәйгүліктері де пайда болды”, – деді Тоқаев.
Президент кейде өзі келіп, жылқыларды қолдан жемдейтінін айтты.
Сонымен қатар президенттің ресми Instagram парақшасында бірнеше сурет жарияланды.
Президент елде ат спортының дамуына және жылқыға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу керегін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақ үйдің "кілтін" сыйға тартқаны туралы жазған едік.
Оқыңыз