Қазақстан БҰҰ-ның ең шиеленісті миссияларының біріне бітімгерлер жіберді

Қорғаныс министрлігі биыл Қазақстан БҰҰ-ның ең шиеленісті миссияларының біріне бітімгерлер жібергенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыдағы 61993 әскери бөлімінде Десанттық-шабуылдау әскерлері базасында үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті шығарып салу рәсімі өтті. 139 әскери қызметші БҰҰ-ның Голан жоталарындағы "Бөлінуді бақылау күштері" миссиясының құрамына аттанды.
Айта кетейік, Голан жоталары Израиль мен Сирия арасындағы Таяу Шығыстағы даулы таулы аймақ. 1974 жылдан бері мұнда БҰҰ-ның бітімгерлік күштері орналастырылып, атысты тоқтату режимі мен тараптар арасындағы шекаралық желіні бақылап келеді. Осы өңір Таяу Шығыстағы қақтығыстардың ең шиеленісті нүктелерінің бірі саналады.
Әскери қызметкерлер саптық шерумен жүріп өтіп, кейін Алматы халықаралық әуежайына аттанды. Сол жерден олар қызмет орнына жөнелтіледі. Қазір 150-ден астам қазақстандық бітімгер Африка мен Таяу Шығыстағы БҰҰ-ның жеті миссиясында қызмет атқарып жүр. Олар әскери бақылаушы, штаб офицері және Голан жоталарындағы ұлттық контингент құрамында жұмыс істейді.
Қазақстандық бітімгерлер Ливан, Сирия, Батыс Сахара, Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасы және Орталық Африка Республикасында қызмет етеді. Олардың міндетіне атысты тоқтату режимін бақылау, патрульдеу, блокбекеттерді күзету, жарылғыш заттарды залалсыздандыру және БҰҰ қызметкерлерін алып жүру кіреді.
Министрлік мәліметінше, бұған дейін Голан жоталарында қызмет атқарған қазақстандық бітімгерлердің екі құрамы миссияны сәтті аяқтап, БҰҰ басшылығынан оң баға алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2024 жылдың наурыз айында Қазақстандық бітімгершілер "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" құрамында Голан жоталарына аттанған еді. Оның құрамында 139 әскери қызметкер бар.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз