Қазақстан бейбітшілік пен дамуды қолдайды: Тоқаев Астанада өтетін "Болашақ ойындары – 2026" байқауын ашты

Мемлекет басшысы "Болашақ ойындары – 2026" сайысының ашылу салтанатында сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев сайыс қатысушылары мен қонақтарына алғысын білдірді.
"Ең алдымен, бәріңізге елордамыз – Астанаға шын жүрегіммен қош келдіңіздер деймін! Бүгін біз "Болашақ ойындары – 2026" халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе", – деді президент.
Өз сөзінде Тоқаев Қазақстанға және спортшыларға арнайы құттықтауын жолдаған Ресей президенті Владимир Путинге ерекше алғыс айтты.
Тоқаев бұл жобаның сәтті іске асуы президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар екенін айтты.
“Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын”, – Тоқаев.
Мемлекет басшысы "Болашақ ойындары" Ресейдің бастамасымен жүзеге асып, аз уақыт ішінде жаһандық деңгейдегі сайысқа айналғанын атап өтті.
"Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы "Болашақ ойындары" классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін", – деді президент.
Тоқаев "Болашақ ойындарын" спорт пен интеллектінің үйлестіретін шара деп атады.
"Болашақ ойындарында" спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі. Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. "Болашақ ойындары" елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің "алтын көпіріне" айналады деп сенемін", – деді Тоқаев.
29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді.
Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады. Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Омбыға жасаған сапары барысында Путинге Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынғаны туралы жазған едік.
Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты
Оқыңыз