Оңтүстік Суданда қаза тапқан қазақстандық бітімгер БҰҰ медалімен марапатталады

Оңтүстік Суданда қызмет барысында қаза тапқан қазақстандық бітімгер Асқар Мұхамедрысұлы БҰҰ-ның беделді марапаты Даг Хаммаршельд медалімен қайтыс болғаннан кейін марапатталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық бітімгер, подполковник Асқар Мұхамедрысұлы БҰҰ-ның Даг Хаммаршельд атындағы медалімен қайтыс болғаннан кейін марапатталады. Марапаттау рәсімі 2026 жылғы 5 маусымда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Халықаралық бітімгерлер күні аясында өтеді. Медаль қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 68 әскери қызметкердің, полиция қызметкерінің және азаматтық маманның отбасыларына табысталады.
Асқар Мұхамедрысұлы 2025 жылдың қазан айында Оңтүстік Судандағы миссия барысында қаза тапқан. БҰҰ мәліметінше, қазір әлемнің түрлі өңірлеріндегі 11 бітімгерлік миссияда 50 мыңнан астам әскери, полиция қызметкері және азаматтық маман қызмет атқарады. Осы миссияларға 118 мемлекеттен персонал тартылған.
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне 2014 жылдан бері қатысып келеді. Қазір ұйымның түрлі миссияларында 153 қазақстандық әскери қызметкер мен құқық қорғау органдарының өкілі қызмет етеді. Олар Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Ливан, Оңтүстік Судан, Батыс Сахара және Таяу Шығыс өңірлерінде жұмыс істеп жатыр.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 1948 жылдан бері қызметтік міндетін орындау кезінде шамамен 4,5 мың бітімгер қаза тапқанын атап өтті. Оның айтуынша, бітімгерлік қызмет қақтығыстардың алдын алу мен тұрақтылықты сақтаудың ең тиімді құралдарының бірі болып қала береді.
Еске салайық, дейін Атырау облысындағы полигонда сарбаздың қаза тапқаны туралы жазған едік. 12 наурыз күні Атырау гарнизонындағы әскери бөлімшеде далалық жаттығулар кезінде сарбаз көз жұмды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаз оқ жарақатын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға қаруды ұстау ережелерін бұзу салдарынан орын алған. Сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізілгенімен, оны құтқару мүмкін болмады. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқыңыз