Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының 90 жылдығымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға құттықтау жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент құттықтауында Қостанайды ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке деп атап өтті.

"Қостанай – ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Осы уақыт аралығында өңір өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналды. Береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың алтын бесігі ретінде танылды", – делінген құттықтауда.

Мемлекет басшысы облыстың қазақ тарихындағы орны ерекше екенін айтып, бұл өңірден Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин сынды ұлт зиялылары шыққанын атап өтті. Сондай-ақ Қостанай облысының экономикасы тұрақты дамып келе жатқанын, тұрғындардың еңбегі өңірдің өркендеуіне негіз болып отырғанын жеткізді.

Президент облысты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтып, олардың алдағы уақытта да елдің дамуына белсенді атсалысатынына сенім білдірді.

"Осы орайда, облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да Заң мен Тәртіпті ту еткен Әділетті Қазақстанды құру жолында жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін", – деді мемлекет басшысы.

Президент құттықтау соңында Қостанай жұртшылығына зор денсаулық пен бақ-береке тілеп, Тобыл-Торғай өлкесінің өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Еске салайық, бұған дейін биыл сәуір айында Қостанайда QOSTANAI TECH ғылыми-инновациялық фестивалі өткен еді. Оған мыңнан астам оқушы, студент, ғалым, кәсіпкер және IT саласының мамандары жиналды. Қонақтар роботтар мен жасанды интеллект жобаларын көріп, түрлі ғылыми тәжірибелерге қатысып, заманауи технологиялармен танысты. Сондай-ақ фестиваль аясында қатысушылар өңірдегі ірі машина жасау зауыттарын аралап, өндіріс жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған еді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 01 Тамыз, 2026 12:19