Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда "QOSTANAI TECH" отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі өтті

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылған ең ауқымды іс-шараға мыңнан астам оқушы, студенттер, кәсіпкерлер, отандық және шетелдік ғалымдар, IT саласының өкілдері қатысты. Фестиваль қонақтарының қатарында "KIA QAZAQSTAN" зауытының бас директоры Де Ки Ким, белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, "Freedom Cloud" компаниясының өкілі, Президент жанындағы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жұмыс тобының кеңесшісі Темірлан Зиналабдин, кәсіпкер, Оксфордта білім алған тұңғыш қазақ Ғабит Бекахметов және тағы басқалар бар.

Фестивальдің маңызды міндеттерінің бірі бұл отбасы құндылықтарын, ұрпақтар жалғастығын және еңбек пен білімге деген құрметті күшейте отырып, жаңа буынды машина жасау мен агроөнеркәсіп кешендерінің дамуының іргетасына айналып отырған бағдарламалау мен жасанды интеллект жүйесін зерделеуге шабыттандыру.

Іс-шараның шымылдығын ашып берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарына, алыс-жақынан келген меймандарға құттықтау сөз арнады. 

"Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Облысымыз өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша елімізде төртінші орында тұр. Қостанай облысын машина жасау орталығы деп сенімді айтуға болады, себебі еліміздегі автоөнеркәсіп өнімінің 25%-ыбіздің өңірде өндіріледі. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, экспорттау, сондай-ақ азық-түлік өндірісі бойынша жетекші орындамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Алдымызда заманауи технологияны өмірдің барлық саласына енгізу және білімге негізделген экономиканы қалыптастыру міндеті тұр. Бүгінде цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту және роботтандыру адам өмірінің барлық саласына еніп келеді. Өңір экономикасының жетекші саласы – өңдеу өнеркәсібі саналады. Аталған саланың үлесі 70%-дан асады. Атап айтсақ, өңірде машина жасау қарқынды дамуда, жергілікті зауыттар автокомпоненттерден бастап ауыл шаруашылығы техникасына дейін өндіреді. Зауыттар заманауи, жоғары технологиялық, әлемдік деңгейдегі жабдықтармен қамтамасыз етілген, өндірістік үдерістер барынша автоматтандырылған, роботтандырылған және цифрлық басқару жүйелерімен жабдықталған. Бұл салада жұмыс істеп жатқан 40-тан астам кәсіпорында шамамен 7 мың адам еңбек етеді. Олардың 50%-дан астамы – жас мамандар. Бүгінгі таңда өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарында 145 өнеркәсіптік робот жұмыс істеп тұр", – деді Құмар Ақсақалов. 

Аймақ басшысының айтуынша, астықты өңірдің ауыл шаруашылығы цифрландыру мен автоматтандыруға бейімделіп келеді. Мәселен, қазіргі таңда егістік жерлердің 100%-ы, жайылымдардың 90%-ы және шабындықтардың 95%-ы цифрланған. Нәтижесінде, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен жанар-жағармай қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік туып отыр. 

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауылдарда интернет сапасын арттыру мақсатында байланыс антенналарын орнатуға қомақты қаражат бөлініп отыр. Нәтижесінде ауылдық елді мекендердің 4G сапалы интернетпен қамтылуы 76%-ға жеткен. Шамамен 14 мың ауыл тұрғыны 4G мобильді интернетке қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар, цифрлық мемлекеттік және коммерциялық қызметтердің қолжетімділігі артты, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалды. 

"QOSTANAI TECH" фестивалінің дәл Қостанайда өтуінің өзіндік мәні бар. Әдетте цифрлық шешімдерді енгізіп, оларды жаппай қолдануды қамтамасыз ететін жұрт көшбасшы елге айналады. Біз – жаңа технологияларды белсенді енгізіп жатқан өңірдің біріміз. Өзіміздің де заманауи, цифрлық әлемде өмір сүргіміз келеді.Өңірдің болашағы – тек өндіріс қана емес, сонымен қатар инновациялар, білім, цифрлық шешімдер және талантты жастар екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Бүгінгі іс-шараға Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарының жас өкілдері қатысуда. Біз сіздерді келешекте Қостанай облысында білім алуға, осында тұрақтап қалып, еңбек етуге шақырамыз", – деді облыс әкімі. 

Іс-шара барысында бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері, оңтүстік кореялық дипломат әрі ғалым Ра Квон Чунг онлайн режімде байланысқа шығып, әлемдік даму үдерісіндегі жасанды интеллектінің орны, технологиялық даму мен экологиялық жауапкершілік мәселелері жөніндегі пікірін ортаға салды. Ғалымның тоқетер ойы экономика мен экологияның арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды дегенге келіп саяды. 

"Жер шарының экологиялық жағдайына қамқорлық танытпайынша, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті толық сезінбейінше, экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін емес”, – деді Ра Квон Чунг.

Фестиваль аясында интерактивті аймақтар, заманауи технологиялар көрмесі, VR және AI алаңдары, робототехника зертханалары, киберспорт аренасы, балалар мен ересектерге арналған ғылыми шоулар жұмыс істеп тұрды. Көптеген АІ компаниялар жеке көрме ашып, іс-шараға қатысушыларды өз өнімдерімен таныстырды. Әсіресе, виртуалды шындық арқылы ауыл шаруашылығы техникасын басқаруға, электромобильдерді құрастыру желілерінің симуляциясын көруге және инженерлік шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік беретін демонстрациялық алаңдар көпшілік қызығушылығын туғызды. 

Сонымен қатар, шетелдік және отандықсарапшылар жастарға жасанды интеллект, өнеркәсіптік трансформация, цифрлық инфрақұрылым және болашақ білім беру тақырыптары бойынша TED форматында дәріс оқыды. 

Фестиваль аясында балалар мен жасөспірімдер үшін болашақ технологиялар кеңістігі ұйымдастырылады. Мұнда мини-турнирлерге арналған киберспорт аренасы, технополигон, конструкторлық зертхана және робототехника аймағы жұмыс істеп тұрды. 

Жастар сарайының алдындағы алаңда балалар мен ата-аналарға арналған шеберлік сабақтары, химия, физика пәндері бойынша эксперименттер мен ғылыми шоулар, сұйық азоттың мүмкіндіктері мен "Тесла" шоуы ұйымдастырылды. Күні бойы жергілікті автокөлік зауыттарынан шыққан техника көрмесі жұмыс істеді. 

Ауқымды іс-шараның екінші бөлімі Қостанай қаласының іргесіндегі Индустриялық аймақта жалғасты. Фестиваль қонақтары "КИА Қазақстан", "Аллюр", "Сарыарқаватопром", "Агромаш Холдинг", "Камлит кз" тәрізді алпауыт зауыттарға барып, отандық техниканың қалай жасалатынын өз көздерімен көрді.  

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 20:23