Прокурорлар журналист Александра Алеховаға тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрады
Алматы прокуратурасы журналист Александра Сенцоваға (Алеховаға) шығарылған үкімге қатысты апелляциялық өтініш енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласының прокуратурасының мәліметінше, журналистің бұрын сотталмағаны, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғаны, кәмелетке толмаған баласы бар екені ескерілген.
Бұдан бөлек, тұрғылықты жері бойынша оң мінездеме алғаны және оның әрекеттерінде жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болмауы да қарастырылған.
"Азамат Сенцованың бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін, тұрғылықты жері бойынша оң мінезделетінін және оның әрекеттерінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескере отырып, прокуратура жаза шарасын жеңілдету туралы апелляциялық өтініш енгізді", – деп хабарлады прокуратура.
Прокуратура соңғы шешімді сот қабылдайтынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін 3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алехованы Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Алайда сот жазаның орындалуын бес жылға кейінге қалдырып, оған үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Тергеу мәліметінше, ол жәбірленушінің дербес деректерін заңсыз жариялаған. Ал "Әділ сөз" қоры бұл істе ақпараттың бұған дейін ашық жарияланғанына қарамастан журналистің жауапқа тартылғанына алаңдаушылық білдірген.
"Шәй құйып, сәлем салады, келіндік қызмет атқарады": Индонезиялық келін алған отбасы екі елдің тойы мен ерекше дәстүрлерін көрсетті
