Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Астанада Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 22 қыркүйек күні онлайн режимде өткен сотта прокурор Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне мүлкін тәркілеу арқылы 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қайрат Сатыбалды

Сондай-ақ прокурор Сатыбалдыны белгілі бір лауазымдарды атқару құқықтарынан айыру және ҰҚК генерал-майоры арнаулы атағынан, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айыруды өтінді.

Сатыбалды өз кезегінде прокурордың айтқан айыптарымен келісетінін, өзінің жасаған кінәсін толық мойындайтынын және өз ісіне өкінетінін жеткізді.

"Құрметті сот, процессуалдық келісімнің мәні маған толықтай түсінікті. Мен кінәмді мойындаймын, жасаған ісіме өкінемін және процессуалдық келісімнің барлық тармақтарымен келісемін", - деді ол сотта.

Қалған сотталушылар процессуалдық келісімге сәйкес шартты түрде жазаланады.

Судья сотталушылардан сот төрелігінде қандай да бір заң бұзушылықтардың орын алған-алмағанын және алып-қосарлары бар ма деп бірнеше рет сұрады. Айыпталушылар бір ауыздан жоқ деп жауап берді.

Жауапкерлер келтірілген залалдың толық өтелгенін алға тартып, “Қазақтелеком” мен “Көліктік қызмет көрсету орталығы” АҚ компанияларына қатысты талап-арызды қараусыз қалдыруды сұрады.

Судья кеңесу бөлмесіне кетті. Соттың үкімі ертең, 22 қыркүйек күні шығады деп болжануда.



20 қыркүйек күні сотта айыпталушының заңгері Сатыбалдының кінәсін толық мойындап, 12 млрд теңге көлеміндегі шығынды өтегенін алға тартып жазаны жеңілдетуге үмітті екенін жеткізген.

Еске салайық, ағымдағы жылдың 13 наурызында сот Қайрат Сатыбалдыны қамауға алуға санкция берген. Ол сол уақыттан бері уақытша ұстау изоляторында отыр. 17 наурызда Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды “рейдерлікпен айналысқан” деген айыппен ұсталғаны белгілі болды. Ол 747 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Сатыбалдыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған.

Талқылау