Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор кәсіпкер Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Прокурор кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қоса "АзияГазЧунджа" директоры Роман Наханов пен QazaqGaz басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақты да 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Айыпталушылар газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталуда. Үшеуі де кінәсін мойындамаған. Боранбаевтың айтуынша, қарапайым коммерциялық мәмілені қылмыс етіп көрсеткен айыптаушы тарап кәсіптен түскен пайданы ұлттық компанияға келтірілген материалдық залал деп таныған.

Еске салып өтейік, тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ, сондай-ақ Ибулла Серді "AsiaGaz Chundzha" ЖШС-мен бақыланатын "Qazaq Gaz" ұлттық компаниясының (бұрынғы "ҚазТрансГаз") газды жеткізу кезінде қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық схеманы жүзеге асырған. Одан кейін 14,5 млрд теңге көлеміндегі ұрланған қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен түскен дивидендтерді бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.



Бұған дейін сотта айыптаушы тараптың куәгерлерінен жауап алынған болатын. "Qazaq Gaz" АҚ-ның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері келісімшарттардың қалай жасалғаны туралы айтып берген.

Боранбаевты 15 наурызда Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратының қызметкерлері ұстады. 16 наурызда ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. 17 наурызда белгілі заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының экс-әкімі мен "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Боранбаевтың жер алаяқтығы туралы күдіктерімен бөліскен. Дәл сол күні Қайрат Боранбаевтың ұсталғаны ресми расталды.

Қайрат Боранбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның келіні болған Алима Боранбаеваның әкесі. Боранбаев Esentai Mall және Esentai Tower акцияларына иелік етеді. Оның байлығы 590 миллион долларға бағаланады. 

Талқылау