Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғыны перзентханадан шыққан соң бір жарым айдан кейін көз жұмды: Марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Әлеуметтік желіде Гүлахча Акриева есімді қолданушы 25 жастағы әпкесі дәрігерлердің кесірінен көз жұмғанын айтып жазба қалдырды. Әпкесінің екі айлық баласы анасыз қалғанын айтқан ол әділдік сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

23 тамыз толғағы келіп қалалық 2-перзентханаға жатқызылған Гүлахчаның әпкесін дәрігерлер қарамай қойған. Суы кетсе де толғағың келмеді, деп шетке ысыра берген көрінеді.

"Менің әпкем перзентханаға барғаннан бастап, ешқандай дәрігер жанына барып, жағдайын сұрамаған. Ауруы өршіген кезде әпкемнің өзі дәрігерлерге барып шағымданған. Алайда Нәбиева. С есімді акушер-гинеколог "әлі ерте, уақыты келмеді" деп кері қайтара берген. Бұл 20 сағатқа созылған. Ертесі күні әпкемнің денесі сарғайып, баланың тынысы тарыла бастаған кезде ғана оны кесар тілігіне алып барған", - дейді ол. 

Келіншекті перзентханада УЗИ-ге де түсірмепті. Кейін анасы мен баласын үйіне шығарған. Артынша келіншек тұрғылықты жері бойынша ауруханаға барады. Ауруханада тігістің жанында су жиналғаны анықталады. Аурухана келіншекті қайтадан 2-перзентханаға жіберген. Перзентханада ем жасап, келіншекке демалыс күндері тағы келу керек екенін айтқан. Алайда кезекші дәрігерлер суды сықпай, тек жарақаттың бетін жаба берген. 

"Осыдан кейін әпкемнің аяғы қатты ісіп кетті. Артынша ол Сызғанов атындағы ауруханаға аяғын УЗИ-ге түсіруге барған. Артынша сол аяғында тромба бар екені анықталады. Олар әпкемді екінші перзентханаға баласымен бірге жатқызды. Екі апта өткенен кейін әпкемнің жағдайы жақсарған. Алайда үшінші аптада оның тромбы үзіліп кетіп, тыныс жолдары бітеліп қалған. Бұл жағдай жүрекке әсер етіп, әпкем 14 күнге комаға түсті. Кейін 15-күні әпкем 4-ауруханаға жеткізіліп, ол жерде 6 күн жатты. 14 қазан күні оның жүрегі тоқтап қалды", - дейді ол. 

Осылайша Гүлахча Акриева әпкесінің өліміне себепкер болғандарға адал жаза сұрады. 



Оқиғаға қатысты №2 қалалық перзентхана түсініктеме берді. Олар науқас пен баласының перзентханадан шыққанда жағдайы жақсы болғанын айтады.

"23 тамыз күні келіншек сұйықтығы ағып кетіп, перзентханаға түсті. Дәрігерлердің сөзінше, балаға қауіп төніп тұрғандықтан, 25 тамыз күні кесар тілігі жасалды. Ота ешқандай қиындықсыз өтті. Кейінгі кезеңде де келіншектің жағдайы қалыпты болды. 29 тамыз күні науқас баласымен бірге үйіне шығарылды", - деп түсіндірді баспасөз қызметі. 

Артынша келіншекке ауыр диагноз қойылып, ол толығымен ем қабылдаған. Алайда науқасты құтқару мүмкін болмапты. 

"7 қыркүйекте пациент қайтадан ауруханаға сол жақ төменгі аяғындағы "Жедел веналық илеофеморальды тромбоз" диагнозымен түседі.
Бөлімде науқас толығымен тексерілді, тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуі жасалды. Оған динамикада ангиохирург кеңес берді. Консервативті емдеу ұсынылды, хирургиялық емдеуге көрсеткіштер болмады. Терапия Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің диагностикалық және емдеу хаттамаларына сәйкес жүргізілді. 22 қыркүйекте науқаста өкпе эмболиясы болған. Науқас комаға түсіп, жасанды өкпені желдету аппаратына қосылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, бірнеше рет қалалық кеңес өткізілді. 6 қазанда ол 4-қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылып, одан әрі ем қабылдады. Өкінішке орай, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Науқасқа барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілген", - дейді олар. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда көз жұмған жүкті келіншек жайлы туыстары айтып берген болатын. 

Талқылау