Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сау баламды перзентханаға әкеліп, мәйітханадан бір-ақ алдым": Алматы облысының тұрғыны сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлауда

"Айы күні жеткен жарымды жетектеп перзентханаға барып, ертеңінде шетінеп кеткен нәрестені қолыма алдым" деп қайғырған әке бұған кінәлі дәрігерлер жауапқа тартылғанын қалайды. Айтуынша, Алматы облысы Талғар аудандық перзентханасына жұбайын жеткізген азамат бұған дейін барлық талдаулары дұрыс шыққан баласының өздігінен жан тапсыруы мүмкін емес. Ал толғағы ауыр келіп, көп қан жоғалтқан ана қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Облыстық ауруханадан қан әкеп, қан құйған. Әрең тірі қалған, менің әйелім", - деді баласынан айырылған әке.

9 ай толып төрт келі болған сап-сау баламды перзентханаға әкеліп, мәйітін алып шықтым деген әкесі баласын қалалық сараптамға апаратынын  айтады. Ол дәрігерлердің сөзіне сенбейтінін жеткізді. 

"5 баламның артынан еретін құлыным еді" деген Ұлан Қалиев кешелі бері  құжаты дайын емес деп сәбиін бермей жатқанын айтады. 

"Дәрігерлер өлтіріп алып отыр ғой, менің баламды. Шала-жансар болып қалды ғой әйелім. Мені ішке кірбейді, тек телефонмен рұқсат алып сөйлесіп отырмын. Әйелімнің суретін көріп шошыдым", - деді Ұлан Қалиев.

Карантинде 5 баламды кім оқытады деген әкені бауырлары қолдай келіпті. Айтуларынша, Ұлан соңғы кенжесін қатты күткен. Өздерінің қолынан келмесе, білікті мамандарды неге шақырмады деп шағымданды олар.

Ал толғағын күтіп, бәрін медициналық жолмен жасадық деген дәрігерлер баланың анасынан көп мөлшерде су кеткенін айтты. Мамандардың айтуынша, баланың салмағы өлімге себеп емес, осыған дейін осындай келімен 3500 мың баланы босандырған.

"Басы шыққаннан кейін, иықтың бұрылуы болмайды, бас тіреліп қалады ғой, бірден кіндігінің мойнына оралғаны көрінеді. Содан кейін меңгерушіні шақырды, содан кейін мені шақырды, сосын болған жайтты айтты: "Босанған еді, бала кіндігі оралғаннан қайтып кетті, қазір туды, баланың өзі де, сыңары да шықты, қан көп кетіп жатыр", - деді ана мен баланы қорғау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Нұргүл Мұхаммедқызы.

Дәрігерлердің айтуынша, толғағы ауыр келіп, әрең босанған ананың жағдайы қазір бірқалыпты. Қаладан арнайы мамандер келіп, жағдайды бақылап отыр екен. Ал сәбиін жоғалтқан әке жарының жағдайына қатты алаңдаулы.

Талқылау