Пентагон 30-дан асқан әскери қызметкерлердің тестостерон деңгейін тексереді

АҚШ Қорғаныс министрлігі 30 жастан асқан әскери қызметкерлер үшін тестостерон деңгейін жыл сайын міндетті түрде тексеруді енгізді. Мамандардың айтуынша, бастама жауынгерлік дайындықты күшейтіп, әскери қызметкерлердің денсаулығын ұзақ мерзімге сақтауға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Хегсет Х әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында жаңа бастаманы "Жоғары тестостерон министрлігі" деп атап, әскери қызметкерлердің "ең жоғары физикалық формада болуы үшін" олардың тестостерон деңгейін бақылау қажет екенін мәлімдеді.
Жаңа хаттамаға сәйкес, белсенді қызметтегі және резервтегі 30 жастан асқан барлық әскери қызметкерлер жыл сайын тестостерон тапшылығына тексеріледі. Егер гормон деңгейі төмен екені анықталса, дәрігерлер тестостеронды алмастыру терапиясын ұсына алады. Алайда бұл емнен өту-өтпеу туралы шешімді әскери қызметкердің өзі қабылдайды.
Пентагон өкілі Шон Парнеллдің айтуынша, бағдарлама әскери қызметкерлердің денсаулығын бағалаудың бірыңғай стандартын қалыптастырып, қажет болған жағдайда нысаналы ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Тестостерон не үшін маңызды?
Тестостерон – ерлер ағзасындағы негізгі жыныстық гормон. Ол жыныстық жетілу кезеңінде бұлшықет массасының қалыптасуына, сүйек тінінің беріктігіне, дене түгінің өсуіне, сперматозоидтардың түзілуіне және жалпы энергия деңгейіне әсер етеді. Жас ұлғайған сайын, әсіресе 30–40 жастан кейін оның деңгейі табиғи түрде төмендеуі мүмкін. Бұл әлсіздікке, депрессияға, майдың жиналуына және жыныстық құмарлықтың төмендеуіне әкелуі ықтимал.
Тестостерон әйелдер ағзасында да аз мөлшерде болады. Ол бұлшықет массасын, энергияны және жыныстық белсенділікті сақтауға ықпал етеді.
Әйел әскери қызметкерлер де тексеріле ме?
Пентагон әзірге бұл бағдарлама әйел әскери қызметкерлерге қолданылатын-қолданылмайтынын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ әйелдердегі эстроген деңгейін өлшеу мәселесіне қатысты да түсініктеме берілмеді.
АҚШ Сенатының мүшесі, Ирак соғысының ардагері Тэмми Дакворт тексеру ерлермен қатар әйелдерге де жүргізілуі тиіс екенін айтты. Оның мәліметінше, 2023 жылғы көрсеткіш бойынша АҚШ армиясының шамамен 20 пайызын әйелдер құрайды.
Жаңа бастама қоғамда қызу пікірталас тудырды. Демократ саясаткерлер Пит Хегсеттің бұған дейін трансгендер адамдарға арналған гормондық терапияны сынағанын еске салып, енді тестостерон терапиясын қолдап отырғанын екіұшты ұстаным деп бағалады.
Сонымен бірге Пентагон әскери қызметте тестостеронды медициналық көрсетілімсіз қолдануға бұрынғыдай тыйым салынатынын мәлімдеді. Бұл гормонды бодибилдерлердің бұлшықет массасын жасанды түрде арттыру үшін пайдалануына жол берілмейді.
Ғалымдардың пікірінше, тестостерон деңгейінің төмен болуы адамның жалпы денсаулығына әсер етуі мүмкін. Алайда оның төмендігі барлық жағдайда депрессия, артық салмақ немесе либидоның төмендеуінің негізгі себебі екені толық дәлелденбеген. Сондықтан тестостерон терапиясының тиімділігі әр адамда әртүрлі болуы ықтимал.
АҚШ-тағы урология профессоры Мохит Кхераның айтуынша, 30 жастан асқан ер адамдардың барлығы тестостерон деңгейін тексертіп тұрғаны жөн, өйткені бұл жалпы денсаулықтың маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Сонымен қатар ол тестостеронды алмастыру терапиясын тек гормон деңгейі төмендеп, соған тән клиникалық белгілері байқалған адамдарға ғана тағайындау қажет екенін атап өтті. Профессордың сөзінше, мұндай емнің қауіптері де бар. Әсіресе репродуктивті жастағы ер адамдарда тестостерон қабылдау бедеулікке әкелуі мүмкін. Сондықтан емді бастамас бұрын оның барлық салдары туралы толық ақпарат берілуге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушылардың жыныстық бағдарын айтуы оларды әскери қызметтен босатуға немесе әскерге қабылдамауға негіз болмайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ ведомство Қазақстан заңнамасында діни сеніміне байланысты әскери қызметтен бас тарту мүмкіндігі де қарастырылмағанын түсіндірді.
Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті
Оқыңыз