Павлодарда теракт туралы хабарламадан кейін 22 мыңға жуық оқушы сабаққа бармаған
5 ақпанда Павлодар мектептерінде теракті болады деген хабар ата-аналарды шошытты. Cалдарынан 22 мыңға жуық бала мектепке бармай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: foto-ram.ru
Павлодар білім бөлімі бүгін қаладағы барлық 43 мектепте сабақ қалыпты режимде өтіп жатқанын хабарлады. Бір күн бұрын полиция қызметкерлері барлық оқу орнын тексерді. Тәртіп сақшылары күдікті немесе қауіпті заттарды таппаған. Алайда полиция барлық мектепте қауіпсіздікті күшейтті.
Ал павлодарлық мектеп оқушыларының ата-анасы балаларын мектепке жіберуге қорықты. Бүгін 22 мың оқушы сабаққа қатыспады.
"Қауіпсіздік органдары қызу жұмыс істеп жатыр. Бейнекамералар мұқият қадағаланады. Сонымен қатар полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қаладағы әрбір мектепке күзет қойды", – деді білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.
Оның айтуынша, бүгін бірінші ауысымдағы 11 мыңнан астам бала мен екінші ауысымдағы 10 мыңнан аса оқушы сабаққа қатыспаған.
"Оның ішінде оқушылардың 12%-ы дәлелді себептермен, қалғандары кешегі оқиғаға байланысты сабаққа келмеген", – деді Қыдыралин.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Павлодардың барлық мектебі ескерту жүйесімен, полицияның кезекші пункттеріне және күзет қызметі субъектілерінің орталықтандырылған бақылау пультіне шығатын дабыл түймесі, орталық басқару орталығына бейне жіберуі бар бейнебақылау жүйесімен, турникеттермен жабдықталған. Бұл шаралар барлық ұйымда қабылданғаны атап өтілді.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда белгісіз біреулер теракт болатыны туралы хабар таратқанын жазған едік. Олар Павлодардағы бірнеше лицей, мектеп пен сауда орталықтарында адамдар жаппай өлетіні туралы хабарлаған. Қорқынышты жазбалардың бірін 4 ақпанда құрылған жергілікті Telegram арнасы жариялаған. Автор балалардың жаппай атылатыны туралы қоқан-лоқысы бар бірнеше пост жариялап, ішіне қарудың фотосын да қоса салған.