Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда кісі өлтіргені үшін 13 жыл іздеуде болған қылмыскер ұсталды

Ішкі істер министрлігінің жедел қызметтері жыл басынан бері іздеуде жүрген 300-ден астам қылмыскерді ұстады, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 200-ден астам адамды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: видеодан скриншот

ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жангелді Табиловтің сөзінше, Павлодар облысындағы кенттердің бірінде жедел іздеу шаралары барысында 2011 жылдан бері халықаралық іздеуде болған Данат Бакибаев ұсталған. Ол атыс қаруымен адам атып өлтірді деп айыпталған. 

Ал Алматы облысында ұйымдасқан топ құрамында болған Сабыржан Масахбаев ұсталды. Ол былтыр жыл соңында алдын ала келісе отырып Сингапур азаматына шабуыл жасап, 3 млн теңге мен 13 мың доллардан астам ақшаны тартып алған. Ұсталған адамның сыбайластары бұрын құрықталған.

“Түркістан облысында полиция 10 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы Жамшид Ахмедовты ұстады. Шетелдік Сарыағаш ауданындағы “Жібек жолы” шекара бекетінде қамауға алынды. Ер адам 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының Иркутск қаласында кісі өлтіргені үшін іздеуде болды.

Ішкі істер министрлігі жедел бөліністерінің қызметкерлері Шымкентте көрші мемлекеттің құқық қорғаушыларымен алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген тағы бір өзбекстандық Маруфжон Жураевты ұстады”, – деді ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жангелді Табилов.

Фото: видеодан скриншот

Ішкі істер органдары іздестіру жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуді көздейтінін айтты.

Талқылау