Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жаппай блэкаут қала өміріне қалай әсер етті

Скриндер
Фото: Әлеуметтік желіден

14 тамыз күні сағат 15:00 шамасында Алматыда және Қазақстанның кейбір аймақтарында электр қуаты өшірілді. Алматының өзінде электр қуатының өшуіне байланысты кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей, байланыс жүйесінде іркілістер пайда болды. Соның салдарынан жолдарда 9 балдық кептеліс тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ресми мәлімет бойынша, KEGOC компаниясына тиесілі кернеуі 500 кВ болатын әуе электр беру желілерінде апат болған.

Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында электр қуаты өшкені хабарланды.

"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ мамандары тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуді қалпына келтіру үшін қажетті жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Алматыда Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуаты ажыратылғаны ресми түрде расталды.

Метро тоқтап, жолаушылар эвакуацияланды

Алматыда блэкаут байланысты метро қозғалысы уақытша тоқтатылды. Метро өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта станциялардағы жарықтандыру мен желдету жүйелері резервтік аккумуляторлық қуат көздері арқылы жұмыс істеп тұр.

"Электр пойыздарының қозғалысы сыртқы электрмен жабдықтау қалпына келтірілгенге дейін тоқтатылады", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Жолаушылар станциялар мен пойыздардан эвакуацияланып жатқаны нақтыланды. Метро жұмысының қайта қашан жанданатыны электрмен жабдықтау қалпына келтірілгеннен кейін қосымша хабарланады.

“Алматы Су” мекемесі тұрғындарға ескерту жасады

Электр қуатының өшуіне байланысты су беруді қамтамасыз ететін сорғы станциялары уақытша тоқтайды.

Соның салдарынан су қысымы төмендеп, жоғарғы қабаттарда су уақытша болмауы, сондай-ақ жекелеген үйлер мен шағын аудандарда су беру үзілуі мүмкін.

Адамдар "Шымбұлақ – Медеу" аспалы жолында 1,5 сағат қалып қалды

Электр қуатындағы ақауға байланысты "Шымбұлақ" пен "Медеу" арасындағы аспалы жолдың кабиналарында адамдар қалып қалды.

Олар кабиналардан тек бір жарым сағаттан кейін шыға алды. Қазір жолаушылардың барлығы кабиналардан түсірілді.

Ауруханалар резервтік қуат көздері арқылы жұмыс істеп тұр

Медициналық ұйымдар жұмысын жалғастырып жатыр.

"Бірінші кезекте резервтік қуат реанимация бөлімдеріне, операциялық блоктарға, қабылдау бөлімдеріне, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне және басқа да аса маңызды жабдықтарға беріледі. Шұғыл медициналық көмек белгіленген тәртіппен көрсетіліп жатыр", – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Әуежайда жұмыс штаттық режимде жалғасты

Алматы халықаралық әуежайы жарықтың сөнуіне қарамастан, резервтік генераторлардың арқасында штаттық режимде жұмыс істегенін хабарлады. Әуежайдың үздіксіз операциялық қызметі қамтамасыз етілген.

Алматы қаласының әкімдігі қалалық қызметтермен бірлесіп жағдайды бақылауды жалғастырып, қаланың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Электрмен жабдықтауды толық қалпына келтірудің нақты мерзімі әзірге айтылған жоқ.

Дана Русланқызы
Жұма, 14 Тамыз, 2026 18:17