"Жүрегімде мәңгі сақталады": Толқын Забирова марқұм ұстазын еске алды
Қазақстандық әнші Толқын Забирова өзінің өнер жолына алғаш сенім білдірген ұстазы, мектеп директоры Пернебек Момынұлының өмірден өткенін айтып, естелігін бөлісті. Өнер иесі ұстазының кезінде өзіне үлкен мүмкіндік бергенін ерекше ықыласпен еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің айтуынша, Пернебек Момынұлы оның өмірінде айрықша із қалдырған жан болған. Толқын Забирова мектепке қабылдау мерзімінен кешігіп барған кезде ұстазы жағдайын түсініп, ән айту қабілетін тыңдағаннан кейін оқуға қабылдаған.
“Мұндай қызға ешқандай емтиханның қажеті жоқ”, – деген ұстазының сөзі әншінің жадында әлі күнге дейін сақталған.
Толқын Забирова бұл шешім өзінің кейінгі тағдырына үлкен әсер еткенін айтты.
“Ол сол күні менің құжаттарымнан бұрын, жүрегімдегі арманға қарады. Менің бойымдағы өнерге сенді. Маған ең қымбат сый – мүмкіндік берді”, – деп жазды әнші.
Өнер иесі Пернебек Момынұлының шәкірттеріне ерекше қамқор болғанын да атап өтті. Оның сөзінше, ұстазы интернатта жатып оқитын балаларды демалыс күндері табиғатқа шығарып, тауға, өзенге апарып, оларға әкелік қамқорлық танытқан.

Әнші ұстазының бойындағы адамгершілік, парасат, сабыр мен көрегендікті ерекше атап өтті.
“Адамның тағдырын өзгерту үшін кейде үлкен дүниенің қажеті жоқ екен. Бір ауыз жылы сөз, бір сәттік сенім, бір ғана мүмкіндік – адамның бүкіл өміріне жол сілтеуі мүмкін”, – деді ол.
Толқын Забирова марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтып, ұстазының жарқын бейнесі жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
“Қош болыңыз, ардақты ұстаз. Сіз берген мүмкіндік – менің өмірімдегі өшпес аманат”, – деп түйіндеді әнші.
Еске салайық, бұған дейін әнші Толқын Забирова алғаш рет күйеуі туралы ашық айтқаны хабарланған еді.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады