Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электр қуатымен жабдықтау толық қалпына келтірілді – министрлік

электр тоқтары
Фото: depositphotos.com

Қазіргі уақытта "KEGOC" АҚ желілері бойынша электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазіргі уақытта өңірлік энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жекелеген тұтынушыларды кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жақын уақытта электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтіріледі.

“Сонымен қатар, жекелеген пабликтерде Өзбекстандағы электрмен жабдықтаудағы іркілістер Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат салдарынан орын алды деген ақпарат тарап жатыр. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді”, – делінген хабарламада.

Жағдай Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің бақылауында.

Тұрғындар Алматының кейбір аудандарында электр қуаты беріле бастағанын хабарлады.  Алматылықтардың айтуынша, Медеу, Әуезов, Алмалы, Түрксіб, Алатау аудандарында, сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайы, Көк базар және Сайран көлі аумақтарында электр жарығы қайта қосылған.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, 2026 жылғы 14 тамызда елдің энергетикалық жүйесінде Орталық Азияның энергетикалық жүйесі тарапынан электр энергиясының ағыны күрт өзгеруіне байланысты қуат теңгерімсіздігі орын алған.

Осының салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылып, бірқатар өңірдегі тұтынушылардың бір бөлігі уақытша электрмен жабдықтаудан ажыратылды.

"Қазіргі уақытта жүйелік оператор – KEGOC АҚ қажетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірқатар өңірде электрмен жабдықтау қайта қалпына келтірілді", – деп атап өтті министрлік.

Қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы қосымша ақпарат кейінірек беріледі.

Электр қуатының өшуі

Айта кетейік, бүгін сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр қуатының берілуінде іркіліс болғанын хабарлады. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми түрде расталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Алматыдағы электр қуатының жаппай үзілуіне KEGOC АҚ-қа тиесілі 500 кВ магистральдық электр беру желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болған.

Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей қалды. Алматы метросы да жұмысын тоқтатып, жолаушыларды эвакуациялау сәті түсірілген видео тарады.

Электр қуатының өшуіне байланысты қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым жұмысының бұзылғанын, соның ішінде әуежай жұмысында да қиындықтар болғанын хабарлады.

Дана Русланқызы
Жұма, 14 Тамыз, 2026 18:28