Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зорлық көрсеткен екі ер адамды ақтауға тырысқан қазақстандық қыздың өзі сотталды

Судья
Фото: time.kz

Петропавлда өзіне зорлық көрсеткен екі ер адамды ақтауға тырысқан 21 жастағы қыздың өзі сотталды. Алғашқы жауабынан бас тартып, күдіктілерді қорғаған қыз жалған куәлік бергені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот жазаны шартты деп танып, оны колонияға жібермеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Петропавлда өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасаған ер адамдарды ақтауға тырысқан 21 жастағы Әйгерім К-ға (аты өзгертілген) сот үкімі шықты. Ол тергеу кезінде алғашқы берген жауабынан бас тартып, күдіктілердің әрекетін өз еркімен болған жағдай ретінде көрсеткен. Осылайша, қыздың өзіне жалған куәлік бергені үшін қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға 2025 жылдың сәуірінде болған. Тергеу мәліметінше, төрт жігіт Ә-ні Петропавлдағы Қизатов көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерінде күштеп ұстап отырған. Олардың екеуі қызға қатысты зорлық-зомбылық жасаған.

Пәтерден қашып шыққан қыз болған жағдайды танысына айтып, ол полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласқан. Алғашқы жауаптарында қыз оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап, күдіктілерді нақты көрсеткен.

Алайда кейін қыз тергеушіге қайта келіп, жауабын өзгерткен және арызын қайтарып алуға тырысқан. Ә бұл жолы пәтердегі жағдайдың барлығы өзара келісіммен болғанын айтқан.

Тергеу барысында күдіктілердің бірінің туыстары мессенджердегі хат-хабарларды ұсынған. Онда айыптаудан бас тартқаны үшін 1,5 млн теңге туралы сөз болған. Ақшаның нақты берілгені тергеу барысында дәлелденбегенімен, қыздың позициясын күрт өзгерткені іс материалдарына енгізілген.

Сараптама Ә-нің алғашқы жауаптарын қысымсыз және өз еркімен бергенін растаған.

Сотта да ол соңына дейін күдіктілерді қорғап, болған оқиғаның өзара келісіммен өткенін айтқан. Бірақ сот басқа дәлелдерді негізге алып, екі ер адамды зорлық-зомбылық жасағаны үшін 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Осыдан кейін Ә-нің өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол ауыр қылмыс бойынша жалған айғақ бергені үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.

Сот отырысында қыз кінәсін толық мойындап, жылап отырып, жігіттерге "көмектескісі келгенін" айтты. Прокурор рақымшылық туралы заңды ескере отырып, оған 4 жыл колонияда жазасын өтеуді сұрады.

Алайда Петропавл қалалық сотының судьясы Тахмина Собирова қызға бас бостандығынан айырмай, түзелуге мүмкіндік берді. Сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Рақымшылық заңына сәйкес, жазаның өтелмеген бөлігі үштен бірге қысқартылып, өтеуге тиіс мерзім 3 жыл 4 ай болып белгіленді. Бірақ бұл жаза шартты деп танылды.

Ә сот залынан пробациялық бақылауға алынған күйде босап шықты. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін қайғылы жол апаты Самара-Шымкент тас жолында болған еді. Сол апат кезінде Renault Magnum жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Nissan Teana көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапқан. Іс бойынша жүк көлігінің жүргізушісі 2 жыл 6 айға сотталып, бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар марқұмның туыстарына 13,3 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал осы жол апатының куәгері болған 42 жастағы жүк көлігі жүргізушісі Рустам Кашаков тергеу кезінде әріптесін қорғау үшін оқиғаның қалай болғанын әдейі бұрмалап айтқан. Алайда кейін оның сөздері жол-көлік оқиғасының схемасы, сараптама қорытындылары және басқа куәгерлердің жауабымен сәйкес келмегені анықталды. Соңында Кашаков та сот алдында жауап беріп, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Айым Атамбаева
Жұма, 14 Тамыз, 2026 14:10