Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кінәсіз сотталып, кейін ақталған жағдайда не болады: Заңгер мұндай кезде кімнің жауапқа тартылатынын түсіндірді

сот залы
Фото: ЖИ

Желіде Ақтөбе облысындағы малшының 100 жылқы ұрлады деп сотқа тартылып, кейін ақталғаны туралы оқиға қоғам талқысына түскен еді. Сот практикасында күдіктінің қамауға алынып, кейін ақталып шығатын жайттары болады. Кінәсіз бола тұра, біреу жала жауып қаматқан немесе қателесіп сотқа тартқан жағдайда не болатынын Stan.kz тілшісі заңгерден сұрап білді. 

Ақтөбе облысында жылқы бағатын 60 жастағы Рахат Сәрсеновтің оқиғасы қазақстандықтарды алаңдатты. Ол иесінің 100 жылқысын ұрлады деп сотталып, 30 миллион теңге шығынды өтеуі керек болды. Кейін апелляцияда 100 жылқы емес, 1 жылқы ғана ұрлағаны анықталып, айыптан босатылды. Осы жайттан соң көпшілік ер адамның қамауға алынған уақыты, моральдық өтемі туралы сөз қозғады. 

Заңгер Дайана Дүйсенбекова мұндай жағдайда қазақстандықтар мемлекеттен өтемақы талап ете алатынын атап өтті. Маманның айтуынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 38–40-баптары мен үкіметтің 2014 жылғы №1218 қаулысына сәйкес, заңсыз ұсталған, қамауға алынған, үйқамақта болған немесе сотталған азаматтарға келтірілген зиян өтеледі.

Мемлекеттен төленетін өтемақының нақты бір сомасы белгіленбеген. Әр адамның қамауда болған уақыты, содан қаншалықты жапа шеккені ескеріледі екен. 

"Мемлекет өтеуі керек шығындардың қатарына айырылған жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және өзге де табыстар, заңсыз тәркіленген немесе мемлекет кірісіне өткізілген мүлік, заңсыз үкім бойынша өндірілген айыппұлдар мен сот шығындары кіреді", – дейді заңгер.

Сондай-ақ азамат заңсыз қылмыстық қудалау салдарынан моральдық күйзеліс көргенін, денсаулығына зиян келгенін немесе іскерлік беделіне нұқсан келтірілгенін көрсетсе, ол моральдық зиянды өтеу туралы жеке талап арызбен сотқа жүгіне алады.

Аталмыш кейс Алматы прокуратурасында кездесті. Алматы қалалық прокуратурасының бұрынғы басшысы Виктор Тихонов 2018 жылы “Өз қызмет бабын асыра пайдаланғаны” үшін сотталады. Алайда ол үкіммен келіспей, күресін жалғастырады. Ақырында Жоғарғы Сот Тихоновты толығымен ақтайды. Осыған дейін қамауда болғаны үшін моральдық зиян ретінде ол мемлекеттен 32 миллион теңге өндіріп алды.

Өтемақы алу үшін не істеу қажет?

Заңгердің сөзінше, ақтау үкімі немесе қылмыстық істі тоқтату туралы шешім заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық процесті жүргізген орган азаматқа оның құқықтарын түсіндіріп, өтемақы алу тәртібі көрсетілген арнайы хабарлама беруі тиіс.

Осыдан кейін азамат сотқа жүгініп, келтірілген материалдық зиянды өндіріп алуды талап ете алады. Талап-арызда азамат материалдық және моральдық шығын сомасын көрсетіп, не себепті мұндай қаржыны талап ететінін жазуы керек екен. Ал сот шығындардың мөлшерін анықтап, оны өндіру туралы қаулы шығарады.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін өтемақы республикалық бюджеттен қаржы министрлігінің қазынашылық органдары арқылы төленеді.

Үстіңізден сотқа берген адам жауапқа тартыла ма?

Дайана Дүйсенбекова мұндай жағдайда автоматты түрде жауапкершілік туындамайтынын атап өтті. 

"Құқық қорғау органдарына қылмыс туралы арызданудың өзі құқықбұзушылық болып саналмайды. Бірақ адамның көрінеу жалған мәлімет бергені немесе кінәсіз азаматқа қасақана жала жапқаны дәлелденсе, ол Қылмыстық кодекстің 419-бабы "Көрінеу жалған сөз жеткізу" бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады", – дейді ол.

Бұл бапта айыппұлдан бастап қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Ал ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптау не  ол пайдакүнемдік мақсатпен ұштасса, жала жапқан адам 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сарапшының айтуынша, бұл жерде ең маңыздысы – тікелей қасақана ниеттің болуы. 

Сондай жағдайда ақталған адам оған қатысты азаматтық талап қойып, моральдық зиянды өндіріп алуды сұрай алады. Мұндай өтемақы автоматты түрде төленбейді, оның мөлшерін сот істің мән-жайына қарай айқындайды.

Егер арызданушы шынымен қателесіп, өзіне қатысты қылмыс жасалды деп сенсе, оның әрекеті өздігінен қылмыс болып саналмайды және өтемақы төлемейді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің жауапкершілігі

Тергеу кезінде кінәсіз адамды күдікті деп танып, сотқа жеткізген полиция қызметкері, тергеуші не прокурор да тексерілуі мүмкін. Бірақ адвокат олар автоматты түрде жауапқа тартылатынын білдірмейді.

"Әрбір жағдай жеке қаралады. Егер сол істі тергеу барысында қызметтік міндеттерін бұзу немесе заңсыз әрекет жасау фактілері анықталса, лауазымды тұлғалар тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін", – дейді заңгер.

Оның айтуынша, мұндай істерде барлық мән-жай жан-жақты зерттеліп, құқықтық баға беріледі.

Еске салсақ, 33 жыл қожалықта еңбек еткен малшысын "100 бас малды жымқырды" деп түрмеге жапқан. Алайда ақтөбелік жылқышы сот залынан босатылды.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 15:28